Ал үшінші орын үшін өткен ойында Қазақстан жеткіншектері өзбектерден 1:4 есебімен оңбай ұтылды.
Биыл оныншы рет ұйымдастырылған Президент кубогы дүркіреп тұрып өтетін шығар деп ойлағанбыз. Расымен де, 10-шы рет өткелі отырған турнирді ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аясында айқайлатып тұрып, кіл мықтылармен үлкен мерекеге айналдыруға болар еді. Алайда, Федерация басшылары мұны да құнттай алмады. Алматыда өткен турнирді былтырғыдан да елеусіз етіп жіберді.
Сонымен, хош. Сегіз команданың ішінде финалға Ресей мен Грузия құрамалары шықты. Алдымен есепті 2-ші минутта Квича Квартцхелия ашқан. Алайда, ресейліктер үзіліске дейін-ақ таразы басын теңестірді. Одан кейін екі жақ та қақпадан саңылау таба алған жоқ. Ойын пенальти сериясына жетіп, Президент кубогы бірінші рет Ресейге аттанды.
Ал үшінші орын үшін өткен ойында Қазақстан жасөспірімдері Өзбекстаннан ойсырай жеңілді. Алғашқы 10 минутта-ақ қақпамызға екі гол соққан өзбектер одан кейін де тыншымады. Араға тағы 10 минут салып, қақпамызға үшінші голды соқты. Жерлестеріміздің қатарынан Даниял Закария таблодағы көрсеткішті қысқартқан. Бірақ өзбектердің жауабы жылдам екен. Төртінші голды соқты қақпамызға. Қорытынды есеп – 1:4, айтарға басқа сөз жоқ.
Финал:
Грузия – Ресей 1:1 (4:5-пен).
Үшінші орын үшін:
Қазақстан – Өзбекстан 1:4
Турнирдің үздік ойыншылары:
Үздік қақпашы: Сергей Ещенко (Ресей),
Үздік қорғаушы: Данила Порохин (Ресей),
Үздік жартылай қорғаушы: Шәміл Хамит (Қазақстан),
Үздік шабуылшы: Руслан Розиев (Өзбекстан),
Үздік сұрмерген: Зурико Давиташвили (Грузия),
Үздік ойыншы: Квича Квархеладзе (Грузия).