Ресей маманы Александр Бородюк Қазақстан құрамасының тізгінін қолына алғалы ұлттық құрама жеңілістен көз ашар емес. Бес ойын өткізіп, бесеуінде де жеңілістің кермек дәмін татты. Ұтылғаны былай тұрсын, өрнекті ойын үлгісін көрсетуден қалып бара жатқандай... Ол, ол ма?! Ойсырай ұтылған сайын өзіне шаң жуытпай, бәр кінәні футболшыларға итере салатынын қайтесіз...
Осыдан болар, жанкүйерлердің шыдамдары шегіне жете бастағандай. Олар әлеуметтік желілер мен отандық басылымдардағы Александр Бородюк пен Қазақстан құрамасы жайлы жазылған мақалалардың соңына неше түрлі пікірлер жазып жүр. Ресей маманының өз қызметінен кеткенін қалайтындар өте көп. Ұлттық құрамамыздың кежегесінің кейін тартып бара жатқаны бәрінің де жанына батады...
«Соңғы екі ойында 0:3 есебімен ұтылдық, енді қалған ойындарда алаңға шықпай-ақ қойсақ та болады, себебі техникалық жеңіліс жазылып, 0:3 есебі тіркеледі, қалай ойнасақ та, сол – нәтиже, одан да футболшыларымыз өз клубтарының маңызды ойындарына дайындалсын» деген сықылды ащы мысқыл мен ашулы кекесін де жоқ емес...
Көпшілік Александр Бородюктің қандай ерен еңбегі үшін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып бекітілгендігін түсіне алмай дал. Себебі былтыр ғана осы маман «Қайратты» қайраңда қалдырып, чемпион болу мүмкіндігінен айырған. Бір жылдың ішінде оны ешкім де ұмыта қойған жоқ. Ұмытылатындай бола қойған жоқ та ғой. Бәрі де жанкүйерлердің – жадында, көрермендердің – көз алдында.
Тіпті «Бородюктің Қазақстан құрамасына бас бапкер болып бекітілуіне «Қайрат» футбол клубының “қожайыны” (Байқаушы кеңесінің төрағасы) Қайрат Боранбаев ықпал еткен» деген болжам-жорамалдар да айтыла бастады. Неге дерсіз? Оның да долбарлы “жауабы” дап-дайын...
Өздеріңіз білесіздер, өткен маусымның басындағы сәтсіздіктерінен кейін А.Бородюк «Қайраттан» кеткен. Немесе сенімді ақтай алмай, кетуге мәжбүр болған. Бірақ оған тұрақсыздық айыбы төленді ме? Толық есеп айырысты ма? Белгісіз. Осы ретте, «өтемақы» ретінде оған «Қазақстан құрамасының тізгіні ұстатылуы мүмкін-мыс» деген болжалдар айтылып жүр...
Мұны тұспалдап Бородюктің өзінен сұрағандар да бар. Тіпті Қайрат Боранбаевтың бетіне айтқандар да бар. Бірақ өзіне осындай сауал қойылғанда, «Қайраттың» Байқаушы кеңесінің төрағасы «менің оған ешқандай да қатысым жоқ» деп. ат-тонын ала қашқан... Бородюктің өзі де бұл болжамды теріске шығарған. Сонда, Бородюкті Қазақстанға қайта шақырған кім болды екен, ә?!
Тұздық
Айтпақшы, Тәуелсіз Қазақстан тарихында футболдан біздің елдің ұлттық құрамасымен бірде-бір ойында жеңіске жетпеген үш-ақ бапкер болған. Оның бірі – Сергей Тимофеев (13 матч; 12 жеңіліс, 1 рет тең түсті). Екіншісі – Ресей маманы Леонид Пахомов (9 матч; 7 жеңіліс, 2 тең ойын). Екеуі де жеңіске жеткен емес.
Үшіншісін есепке алмасақ та болады. Себебі, ол бас бапкер емес, оның міндетін атқарушы болатын. Әрі ұлттық құрамамен бір-ақ ойын өткізді. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстан жастар құрамасымен 1999 жылғы әлем чемпионатына қатысқан Владимир Фомичев ұлттық құрамаға бір ойында жетекшілік етті. 2000 жылы Абу-Дабиде Біріккен Араб Әмірлігі құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:5 есебімен ұтылып қалды. Біздің құрама бір сағаттай кем құрамда ойнады...
Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, бұлардың бәрінен де Александр Бородюк асып түсіп отыр. Бес ойын – бес жеңіліс. Ал Қазақстан ұлттық құрамасының 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясында өткізетін әлі екі ойыны бар. 6 қазан күні Румыния құрамасымен түзде ойнайды. Ал 8 қазанда Армения футболшыларын Астанада қабылдайды.