– Футболда көп нәрсе бас бапкерге байланысты. Александр Бородюктің айтуынша, бұлар еліміздің дәл қазіргі таңдағы ең мықты ойыншылары. Бұл сөзімен толық келісемін. Дегенмен, оның бар кінәні футболшыларға артып қоюы – зығырданымды қайнатты, - деп ашынып бастады Айдар Күмісбеков. – Мысалға, Бородюктің алдында ұлттық құраманы Талғат Байсуфинов, Юрий Красножандар жаттықтырды. Ол кезде де жігіттер Польша, Румыния сынды құрамаларға қарсы ойнады. Басқа да мықты қарсыластармен кездесті. Бірақ мұндай сорлының күйін кешкен жоқ қой. Сұхбаттарын оқыдым. Біздің футболшылардың деңгейлері төмен дегендей айтыпты. «Мен қанша тырыссам да, материал осындай» дгенге келтіріпті. Бәлкім, мен қателесетін шығармын, бірақ ұлттық құраманың бас бапкері бұлай демеуі керек. Бұл дұрыс емес. Мен футболшы кезімде талай жаттықтырушымен жұмыс істедім. Нағыз бапкерлер «жеңіліс менікі, жеңіс футболшылардыкі» дейді. Ол өзінің үмітсіздігін көрсетіп алды. Алдын-ала жеңіліске мойынсұнғандыңын білдіріп алды. «Мен ештеңе істей алмаймын» дегенді ұғынасын оның сөздерінен. Рух жоқ ол жаттықтырушыда.
– Бас бапкердің мұндай сұхбаттары футболшыларға қаншалықты әсер етеді?
– Әсері зор. Өйткені, барлық футболшы интернет ашып, сайттардан өздері туралы не жазылғанын қарап жүреді. Бәрі де көзі ашық жігіттер. Адам болған соң әрбір сөзді жүрегімізге жақын қабылдаймыз ғой. Бас бапкер «бұл Қазақстандағы ең мықты футболшылар» дейді де, «олардың қазіргі деңгейлері осы, біз қарсыластардан төменбіз» деп қосады. Әлбетте, мұны оқыған футболшылардың да еңселері түседі. Мәселен, баяғыда Пайперстің кезінде футболшылар жерді қолмен жыртығу дайын болатын. Әр ойында жандарын салып, ұтылса да сорлының кейпін кешпейтін. Сондықтан, көп нәрсе бас бапкерге, оның матч алдындағы футболшылармен психологиялық тұрғыда жұмыс жасауына байланысты. Кездесуден кейін Пайперс футболшыларды мақтаудан жалықпайтын. Жеңіліп қалса, «менің қателігім» деп өз мойнына алатын. Ал Бородюк өзіне шаң жуытпайды екен. Керісінше бар кінәні футболшыларға артып қояды. Жігіттердің өздері жеңілістен кейін өртеніп, отқа күйіп жүр, ал бұл болса одан сайын көмір салып, лапылдатып жандырып жатыр. Одан кейін 0:3 есебімен ұтылмай қайтсін?! Масқара есептер ғой.
– Мұндай сұхбаттар футболшылар мен бас бапкердің арасында құрметтің сақталуына кесірін тигізбей ме?
– Мен жігіттерменмен сөйлескен жоқпын. Олардың ойлары қандай екенін білмеймін. Бірақ, мынадай сұхбаттардан кейін футболшылардың алдында Бородюктің ешқандай да беделі қалмады деп ойлаймын. Өздерін сыйламаған адамды олар да мойындамайды.
– Алда ұлттық құраманың биылдыққа екі ойыны қалды. Бородюк бас бапкер болып қала берсе, футболшылар бас команданың ойындарына келмей қоюлары мүмкін бе?
– Жігіттерден ондай нәрсе шығады деп ойламаймын. Бұл жерде бірінші кезекте ел намысы тұр. Бородюкті сыйламағанымен әр футболшы ұлттық құраманың бір қоңырауынан кейін-ақ жетіп келеді. Олардың патриоттықтарына мен күмән келтіре алмаймын.
– Ал сол екі ойыннан не күтеміз. Ұлттық құрама қоржынға ұпай сала ала ма?
– Түзде румындарға қарсы қиын болады. Ал өз алаңымызда Арменияны қалайда ұтуымыз керек. Олардың бізден асып бара жатқан ешнәрсесі жоқ. Әлбетте, көп нәрсе бас бапкерге байланысты. Бородюктің тәжірибесі мол маман екендігіне күмән келтірмейтінмін. Алайда, мына сұхбаттары адамды тірідей жер көмеді екен. Сондықтан, жігіттермен жұмыс жасауда бапкерлер алқасында жүрген Қайрат Нұрдәулетов өз қолына алуы тиіс. Кезінде ұлттық құрамада лайықты капитан болған. Енді футболшылардың басын біріктіріп, рухтарын оята алады деп сенемін.