Вернуться к списку статей

ХАМЕЛЕОН немесе Михаил Бакаев "Анжиде" Ресей азаматы ретінде тіркелді

Футбол
2K
ХАМЕЛЕОН немесе Михаил Бакаев
Күдігіміз расқа айналды. Алматының «Қайраты» сапында үш жыл бойы Қазақстан азаматы ретінде доп тепкен ресейлік Михаил Бакаев «Анжиге» ауыса салысымен төлқұжатымызды «қоқысқа» тастай салды.

Хамелеон деген кесіртке бар. Қазақтар оны құбылғы дейді. Расымен де, терісі мың құбылып тұратын кесіртке. Оның терісі, әдетте, жасыл түсті болғанымен қандай да бір қауіп төнген жағдайда немесе ауа-райының ауысуына байланысты терісінің түсін өзгертіп, жауынан қорғанады немесе жемтігіне байқатпай жақындайды. Сондықтан, өмірде тұрақсыз адамдарды немесе құбылмалы адамды сол кесірткеге теңеп, халық арасында «Хамелеон» атайды. «Қайраттан» «Анжиге» ауысқан Михаил Бакаевқа да осы сипаттама дәл келіп тұр.

Естеріңізге сала кетейік, Михаил Бакаев «Қайратқа» 2014 жылы келген. Оған дейін осетиндік ойыншы Ресейдің «Автодор», «Алания» командаларында, ал 2009-2011 жылдар аралығында «Анжиде» доп тепкен. Сол жылдары еліміздің футбол федерациясында легионерлерге Қазақстан азаматтығын «таратып беруге» тиым салу туралы ереже қабылданғанымен Бакаев барлық Регламенттерден аттап өтіп, «Қайратқа» келе салысымен бірден Қазақстан азаматтығын алды.

Енді міне, арада үш жыл өткенде Михаил Бакаев Алматының «Қайратынан» Махачкалидің «Анжиіне» ауысты. «Қазақстан футболшысы Ресей Премьер-лигасында доп тебетін болды» деп қуанбай тұрыңыз. Әлі ерте. «Анжидің» ресми сайтында Бакаев Ресей азаматы ретінде тіркеліпті. 78-ші нөмірлі жейдені таңдаған екен. 30 жасар футболшыны Ресей Премьер-лигасының ресми сайты да ресейлік азамат ретінде көрсетіпті.

Естеріңізде шығар, кезінде «Қайратта» доп тепкен тағы бір легионер Заурбек Плиев те біздің чемпионатта Қазақстан азаматы ретінде алаңға шығып, кейін Ресейге ауыса салысымен паспортымызды «қоқыс жәшігіне» тастаған еді. Енді міне, біздің төлқұжат тағы келімсектің «дәрет қағазына» айналды.


"Анжи" футбол клубының ресми сайтындағы мәлімет

Сонда осы үш жыл бойы Михаил Бакаевтың «Қайратта» Қазақстан азаматы ретінде доп тепкенін ескерсек, оның екі төлқұжаты болғаны ма? Әлде біздің елде екі азаматтыққа рұқсат беріле ме? Қазақстан Республикасының Конституциясына назар аударайық.

  • Қазақстанда екі азаматтыққа рұқсат беріле ме?

Қазақстан Республикасының төлқұжатына ие болған адам басқа елдің азаматы бола алмайды.

  • Басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикалысының азаматтығын алу мүмкін бе?

Басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының төлқұжатын иеленгісі келген азаматтың өтініші қанағаттандырылмайды.

  • Басқа елдің азаматы атанған жағдайда Қазақстан Республикасының төлқұжатын сақтап қалуға бола ма?

Басқа елдің азаматтығын алған жағдайда Қазақстан Республикасының төлқұжаты өз күшін жояды.

  • Екі азаматтықтың соңын не күтіп тұр?

– Қазақстан азаматтығы өз күшін жояды,

– 50 АЕК көлемінде айыппұл (мемлекеттік қызметкерлер мен билік өкілдеріне 200 АЕК айыппұл немесе әкімшілік шығарып жіберу)

– 5 жыл бойына Қазақстан Республикасының азаматы бола алмау.

  • Басқа елдің азаматы бола тұра қандай жағдайда Қазақстан төлқұжатын иеленуге болады?

Басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының төлқұжатын иеленгісі келген азаматтың өтініші қанағаттандырылмайды. Бірақ бұл қағидат мына жағдайларда қатысты емес:

– Кәмелеттік жасқа толмаған жағдайда,
– Қабілетсіз адам,
– Қазақстан Республикасының алдында ерен еңбек сіңірген жағдайда немесе Қазақстан Республикасының Президенті, оның отбасы бекіткен тізімдер кәсібінің талаптарына сай келген жағдайда,
– Қазақстан аймағынан кеткен азаматтарға, оның ұрпақтарына тарихи отаны ретінде Қазақстан Республикасына қайта оралған жағдайда.

Байқап тұрғандарыңыздай, Михаил Бакаев қандай жағдайда болмасын, Қазақстан азаматы болмауы қажет еді. Сәйкесінше, «Қазақстан Премьер-лигасында қалайша қазақстандық ретінде доп тепті?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалды біз еліміздің Кәсіпқой футбол лигасына жолдағымыз келеді. Жауап күтеміз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика