Вернуться к списку статей

Давид ЛОРИЯ – Құрбан айтта Қазақстан жанкүйерлерін қуантуға тырысамыз

Футбол
1K
Давид ЛОРИЯ – Құрбан айтта Қазақстан жанкүйерлерін қуантуға тырысамыз
Црна Гора футболшыларына қарсы Қазақстан ұлттық құрамасын алаңға капитан ретінде Давид Лория бастап шығады. Матч алдында қақпашыға бірқатар сұрақтар қойып, ойын туралы пікірлерін сұраған едік.

– Ертең бізді өте тартысты, әрі қызықты матч күтіп тұр. Сондықтан, жанкүйерлердің қолдауын күтеміз. Біз үшін әрбіріңіздің қолдауларыңыз өте маңызды, - деп бастады Давид Лория.

– Капитан болуыңызбен құттықтаймын!

– Рахмет көп! Бұл мен үшін үлкен құрмет, әрі зор жауапкершілік. Әлбетте, капитан ретінде команданы алға бастап, әр футболшыға жігер, қайрат беруім керек.

– Капитансыз. Демек, ертең негізгі құрамда алаңға шығасыз ғой?

– Мұны енді бас бапкерден сұрау керек шығар. Егер маған мүмкіндік берсе, ұлттық құрамамыздың жеңісі үшін барымды саламын. Қақпама доп дарытпауға тырысамын. Уәдем сол.

– Алдағы екі ойыннан ұлттық құрама неше ұпай жинай алады? Црна Гора мен Польша құрамаларына қайрат көрсете аламыз ба?

– Біз әр ойында тек жеңіс үшін алаңға шығамыз. Ешқашан қазір жеңіліп қаламыз-ау, қақпамызға доп жіберіп аламыз-ау деп ойламаймын. Бұл тек қорқақтардың ғана әрекеті. Ойын алдында бапкерлер де бізге «сендер мықтысыңдар! Жеңе аласыңдар! Сендер үздік болуға лайықсыңдар!» деп бізді жігерлендіріп жатады. Бұл бізге сенім береді. Әлбетте, 6 ұпай алу үшін барымызды саламыз. Жанкүйерлерді жерге қаратпаймыз деп ойлаймын.

– Црна Гора құрамасының алғы шебінде екі үздік шабуылшы бар – Стефан Йоветич пен Мирко Вучинич. Қақпашы ретінде қорғаушылардан осы сұрмергендерді жеке тұсаулап ұстауды сұрайсыз ба?

– Бас бапкердің тактикасын ұстануға тырысамыз. Қарсы команданың шабуылшыларының қаншалықты мықты екендіктерін ол да өте жақсы біледі. Ертеңгі ойынға жаттықтырушыларымыздың қойып берген тактикасы бар. Егер соны берік ұстансақ, онда жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Өз кезегімде Йоветич пен Вучиничтің соққыларын дарытпауға тырысамын.

– Ертең Мұсылмандардың ұлық мейрамы – Құрбан айт. Жанкүйерлерге айтарыңыз бар ма?

– Барша Қазақстан халқын осы киелі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, шаңырағымыз биік болсын! Біз өз елімізді қатты жақсы көреміз. Және де осы мейрамда жанкүйерлерімізді жақсы ойынымызбен қуантуға тырысамыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика