Вернуться к списку статей

Бородюк қашан Қазақстан қоржынына ұпай салады?

Футбол
1K
Қазақстан құрамасы жатты,у кезінде. Фото: kff.kz
Ертең Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясында Црна Гора құрамасын қабылдайды.

Биыл 27 ақпан күні Ресей маманы Александр Бородюк Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып бекітілген. Әзірше біздің құрамамен үш ойын өткізіп, үшеуінде де ұтылды. Доп айырмасы: 2–8. Осы үш ойынның біреуі жолдастық кездесу де, екеуі 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясындағы ресми кездесулер болатын.

Атап айтқанда, 22-наурыз күні Ларнакада Кипр футболшыларымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:3 есебімен есе жіберіп алды. Іле-шала Арарат аңғарына барып, Армения құрамасымен 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясындағы бесінші матчын өткізіп, 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Ал 10 маусым күні, Алматыда 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары шеңберінде алтыншы кездесуін өткізіп, тағы да жеңілістің кермек дәмін татты. Тағы да екі доп айырмасымен, бұл жолы 1:3 есебімен Дания құрамасынан жеңіліп қалды. Енді Црна Гора футболшыларын Астанада қабылдайды.

Жарайды, Кипр құрамасымен өткен жолдастық кездесуді есепке алмайық. Сонда, Александр Бородюк біздің ұлттық құрамамен үшінші ресми кездесуін өткізеді екен. Бұл жолы қалай болар екен? Жанкүйерлер жеңіске сусап отыр. Биыл тіпті тең ойынға зәру болдық...

Александр Бородюкке дейін ұлттық құраманы жаттықтырған Талғат Байсуфинов өз алаңымызда ұтылып көрмеп еді. Астанада 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясында екі ойын өткізіп, екеуінде де тең түскен. Әрі қандай командалармен десеңізші!? Азуы алты қарыс Польша да (2:2), шежіресі мол Румыния да (0:0) қазақ жерінде бір ұпайды қанағат тұтқан.

Жалпы, Талғат Байсуфинов 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындары аясында төрт ойын өткізіп, жоғарыда жазғанымыздай, екеуінде тең түскен. Өкінішке қарай, түздегі екі ойында ойсырай ұтылып қалды. Дания құрамасынан 1:4, ал Црна Гора футболшыларынан 0:5 есебімен жеңілген.

Есесіне, Байсуфинов жаттықтырған жігіттеріміз жолдастық кездесулерде жеңіске жетіп жүрді. Түзде Әзірбайжан және Қытай құрамаларын 1:0 есептерімен ұтып, Грузия футболшыларымен тең түскен (1:1). Тек Қырғызстан құрамасынан 0:2 есебімен ұтылып қалып, өзегімізді өртеген.

Осы ретте айта кетейік, Талғат Байсуфинов Қазақстан ұлттық құрамасымен сегіз ойын өткізіп, екі рет жеңіске жеткен болатын. Үш ойында тең түсіп, қалған үшеуінде жеңіліске ұшыраған. Әрі құрама сапындағы футболшылар жанкештіліктің үлгісін көрсеткен.

Ал Александр Бородюк құрама қоржынына әлі бір ұпай сала алар емес. Црна Гора құрамасымен өтетін ойын Ресей маманы үшін үлкен сынақ болады. Деңгейі Польша құрамасынан төмендеу командадан соқыр ұпай да ала алмаса, жанкүйерлердің өкпесі қара қазандай болатын шығар...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика