Вернуться к списку статей

«Тараз» өз алаңында «Ертіспен» тең түсті

Футбол
1K
«Тараз» – «Ертіс» – 1:1. Фото: fcirtysh.kz
«Тараз» бен «Ертіс» арасындағы тартысты ойын тең аяқталып, екі команда ұпай бөлісті.

«Ертіс» пен «Тараз» бірінші айналымда Павлодарда кездесіп, алаң иелері 5:2 есебімен үстем түскен болатын. Бұл – әзірше осы маусмдағы ең көп гол соғылған ойын. Екінші айналымдағы матч Таразда өтіп, Ваит Талгаевтың шәкірттері 2:0 есебімен есе қайтарған.

Ашығын айтуымыз керек, бірінші айналымда «Тараздың» ойын өрнегі үйлесе қоймаған еді. Премьер-лигаға соңғы сәтте қосылып, дайындықтары ойдағыдай болмаған. Бірақ білікті бапкер маусым барысында өз командасын түлете білді.

Қазір «Тараз» кез келген командамен тең дәрежеде ойнай алады. Соңғы ойындарына қарасақ, түзде нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Себебі, сырт алаңда қорғанысқа көп көңіл бөліп, қыспаққа алған қарсыласын қарсы шабуылдарымен “шалып” жығып келеді. Ал өз алаңында қиындау...

Иә, өз алаңында тыным таппай шабуылдау керек. Қонаққа келген команда ашыла қоймайды. Бүгін «Ертістің» де қорғанысын бұза алмады. Рас, бір гол соқты. Бірақ тағы да бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Әйтсе де, бір ұпай еншіледі. Қазір әрбір ұпайдың бағасы зор екенін ұмытпайық.

«Ертіс» те – түзде жақсы ойнайтын команда. Бірақ бас бапкері ауысқалы үйде де, түзде де тең түсті. Таразда жеңіп те кетуі, жеңіліп те қалуы мүмкін еді. Сондықтан итжығыс түскендеріне риза сияқты. Қалай десек те, жаңа бапкері мен ойыншылары әлі бір-бірін түсініп кете алмай жүргендей...

«Тараз» – «Ертіс» – 1:1 (1:0)

Голдар: Фещук, 7 (1:0). Родриго, 48 (1:1).

Ескертулер: Диара, 57. Есімов, 61. Бугаев, 67. Миюшкович, 68. Воротников, 85.

«Тараз»: Бабаханов, Әмірханов (к), Воротников, Миюшкович, Шипицин, Горбанец, Диара, Фещук, Зайнутдинов (Хайруллин, 80), Қожамберді (Байжанов, 54), Мане.

Қосалқы құрам: Логиновский, Эргашев, Морис, Сейідахмет, Молтусинов, Нұралы, Горячий.

«Ертіс»: Лория (к), Есімов, Маслач, Кислицын, Живкович, Родриго, Гетериев, Калинин, Дарабаев, Фонсека (Шабалин, 90+1), Бугаев (Фофана, 70).

Қосалқы құрам: Калмыков, Қапанов, Огиря, Попов, Смайылов, Түлиев, Дәуітов.

Төрешілер: Исқақов (Астана), Виноградов (Петропавл), Құсайынов (Астана).

26 тамыз. Тараз, «Орталық». 3500 көрермен. 


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика