«Тобыл» 15 шілдеде (ХХ турда) «Ақжайықты» өз алаңында ұтқан болатын. Содан кейін Астанада, Атырауда және Қызылордада жеңіліске ұшырады. Ал өткен турда өз алаңында «Таразбен» тең түсті. Яғни соңғы төрт ойында бір-ақ ұпай еншілеген болатын.
Бүгін өз алаңында «Ақжайықты» қабылдап, тағы да 2:0 есебімен жеңіске жетті. Әзірше, Орал клубына ғана қайраты жетіп тұр. Команданың жаңа бас бапкері Роберт Евдокимов қарамағындағы футболшыларды әлі сапырылыстырып жүр. Қазір Алексей Щеткин негізгі құрамда алаңға шықпайды.
Есесіне, Нұрбол Жұмасқалиев әріптестеріне оңды-солды пас беріп, ойын өрнегін өрбітіп жүр. Матчтың 12-минутында Нұрболдың допты ойынға бұрыштан қосып, әуелете тепкен добын Жасұлан Молдақараев қақпаға дөп түсірді. Гол!
Көп ұзамай Нұрбол оң қанаттан допты көлбеулете теуіп, Жасұланның аяғына салып берген... Бірақ Молдақараев бұл жолы мүлт кетті. Екінші таймда Жұмасқалиев Щеткинді қақпашымен бетпе-бет шығарған, бірақ Алексей де бұл мүмкіндікті бос жіберіп алды. Оның тепкен добын қақпашы тойтарды.
Әйтсе де, «Тобыл» есепті еселеді. Нұрболдың орнына шыққан Самат Жарынбетов қақпашымен бетпе-бет шығып, Щеткинге қалай гол соғу керек екенін көрсетті. Есеп – 2:0. «Тобыл» биыл жазда «Ақжайықты» екінші рет тізе бүктірді.
Бұл ойында «Ақжайық» футболшыларының да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ Орал клубының ойыншыларына шеберлік жетіспеді. Олар өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Деңгейлері сәл төмендеу екені байқалып тұрды.
«Тобыл» – «Ақжайық» – 2:0 (1:0)
Голдар: Молдақараев, 12. Жарынбатов, 83.
Ескертулер: Заречный, 21. Жалмұқан, 58.
«Тобыл»: Непогодов, Мирошниченко, Шиков, Кассай, Жулпа, Мухутдинов (к), Квеквескири, Ллуллаку (Щеткин, 46), Жалмұқан (Джалилов, 77), Жұмасқалиев (Жарынбетов, 67), Молдақараев.
Қосалқы құрам: Павлов, Вух, Бекич, Шұбаев, Гурман, Жақыпов.
«Ақжайық»: Котляр, Ерсәлімов, Одибе, Сапанов (к), Шмидт, Говедарица, Главина (Перцух, 68), Заречный (Аренас, 66), Шабаев, Дурович (Антипов, 76), Дудченко.
Қосалқы құрам: Төлебаев, Коронель Ортиз, Тапалов, Аяғанов.
Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Васютин (Алматы), Ходин (Атырау).
26 тамыз. Қостанай, «Орталық». 3000 көрермен.