Вернуться к списку статей

Брендан Роджерс – Құдайдан енді "Астанамен" қайта жолықтырмауын сұраймын

Футбол
1K
Брендан Роджерс – Құдайдан енді
«Астана» – «Селтик» ойынынан кейін баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берген шотландиялықтардың бас бапкері Брендан Роджерс алаң иелерінен төрттен артық гол жіберіп алмағандарына шүкір деп қайтты.

– Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алуларыңыз құтты болсын! Ойынға көңіліңіз толды ма?

– Өте тамаша ойын өтті. Меніңше, бұл матчтан жанкүйерлер де, футболшылар да ләззат алды деп ойлаймын. Біз бүгін қорғаныста да, шабуылда да жақсы ойнадық. Әсіресе, алғы шепте. Бірінші гол қақпамызға кездейсоқ соғылды. Одан кейін Скот Синклердің фантастикалық голынан кейін біздің жігіттер сәл босаңсып қалды. Ал есеп 4:1-ге жеткенде «Астана» футболшыларында камбэк жасауға үміт пайда болды да, алға лап қойдыңыздар. Бағымызға орай, екінші голды дер кезінде соқтық. Осыдан кейін сіздердің жігіттеріңіздің жігері құм болды-ау.

– Есеп 4:1-ге жеткенде Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне шыға алмай қаламыз деп қорықпадыңыздар ма?

– Біз өзімізге сенімді болдық. Өйткені, Глазгода тамаша есепке қол жеткізгенбіз. Рас, қазіргі футболда бес голдан кейін де камбэк жасап жататындар болады. Алайда, біз бұған жол бермейтінімізді білдік. Ойынға да, таблодағы қорытынды есепке де көңілім толады. 3:4 біз үшін жақсы нәтиже.

– Келесі жылы «Астанамен» қайта кездесуді қалайсыз ба?

– Жоқ, Құдай сақтасын, «Астанамен» енді қайта кездеспей-ақ қойсақ деймін. Өйткені, әр ойын сайын тым қорқынышты болып барасыздар. Келесі жолы бізді кешірмейтін де шығарсыздар.

– Қалай ойлайсыз, мына «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңінде неден үмітті?

– Еуропа лигасында да биыл оңай команда жоқ. «Милан», «Арсенал», «Саутгемптон» сынды алпауыттар бар. Бәрі жеребеге байланысты. Дегенмен, «Астана» өз алаңында кез-келген командадан ұпай алып қоя алады. «Астана-Аренаға» келген еуропалықтар үшін қатты алаңдаймын. Бірақ, сіздерге алдағы ойындарыңызға сәттілік тілеймін!

– Ал сіздер ше, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне қандай мақсаттар қоясыздар?

– Чемпиондар лигасында бізді мүлдем басқаша ойындар күтіп тұр. Мұнда бәрі басқаша. Дегенмен, Еуропады басты турниріне жолдама алғанымызға қуаныштымыз. Өйткені, Шотландияға «Кәрі құрлықтың» мықты командалары келеді. Өз кезегінде бұл біздің футболымыздың жоғары дәрежеге көтерілуіне септігін тигізеді.

– Осы сіздің «Тақтар тағы» сериялындағы Брендан Старкқа қатысыңыз жоқ па?

– Жоқ. Бренданның бәрі Старк емес қой.

– Сіз бұған дейін біраз уақыт «Ливерпульде» Фелипе Коутиньоны жаттықтырдыңыз. Оған қазір «Барселона» 150 миллион евро ұсынып жатыр. Ол мұндай бағаға лайық па?

– Қазіргі заманда 150 миллионға таңғалуға болмайды. Фелипе тамаша ойыншы. Ол өз бағасына әбден лайық және «Барселонаны» күшейте алады деп ойлаймын.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика