Вернуться к списку статей

Қазақстан-U17 құрамасын Игорь Свечников жаттықтыратын болды

Футбол
1K
Қазақстан-U17 құрамасына аға жаттықтырушысы – Игорь Свечников. Фото: kff.kz
17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрамасына Игорь Свечников аға жаттықтырушысы болып бекітілді.

Қазақстан-U17 құрамасын бұған дейін Испания маманы Карлош Ферер жаттықтырып келген болатын. Өздеріңіз білесіздер, ол жақында «Қайрат» футбол клубына, өз еркімен қызметінен кеткен Кахабер Цхададзенің орнына бас бапкер болып тағайындалды.

Осы Карлош Ферердің орнын отандық маман Игорь Свечников басып отыр. Ол 2016 жылдан бері еліміздің жастар арасындағы құрамасының (Қазақстан-U21) аға жаттықтырушысына көмекші болып, тәжірибе жинақтаған. Енді Қазақстан-U17 құрамасын жаттықтыратын болады.

Свечников кезінде «Химик» (Степногорск), «Целинник», «Химик» (Жамбыл), «Қайрат», «Металлург» (Магнитогорск) және «Жеңіс» командалары сапында ойнаған. Одан кейін жаттықтырушылық қызметке ойысып, «Целинник», «Жеңіс», «Оқжетпес», «Жетісу», «Астана», «Намыс», «Бәйтерек» және Орал клубтарында еңбек етті. 

Айтпақшы, Игорь Свечниковке тағы бір қазақстандық маман, яғни Иван Азовский көмектеседі. Ол ресми түрде аға жаттықтырушының көмекшісі болып бекітілді. Бұл ақпаратты Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты таратты.  

Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан-U17 құрамасы алдағы уақытта бірнеше халықаралық турнирлерге қатысады. Атап айтқанда, 4-8 қыркүйек аралығында ҚР Президенті кубогында бақ сынайды. Ал 19-25 қыркүйек аралығында Беларусь астанасы Минскіде өтетін 2018 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысады.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика