Вернуться к списку статей

«Ордабасы» ақыры «Атырауды» жеңді

Футбол
1K
«Ордабасы» – «Атырау» – 2:0. Фото: fcordabasy.kz
Биыл екі рет «Атырауға» азуы батпаған «Ордабасы» екеуара өткен үшінші матчта жеңіске жетті.

«Ордабасы» мен «Атырау» арасындағы бірінші ойын ІІ турда Шымкентте өтіп, 1:1 есебімен аяқталған болатын. Ал екінші рет бұл командалар ХІІ турда Жайық жағасында кездесіп, 2:2 есебімен тағы да “итжығыс” түсті. Тек үшінші матчта оңтүстікқазақстандықтар басым түсті.

«Ордабасы» бұған дейінгі екі турда жеңіліске ұшыраған. Әуелі, Астанада ел чемпионына дес бермей, тек ойын соңында бір гол жіберіп алды. Бұдан кейін Қарағандыда «Шахтерден» ұтылып қалып, Орталық Қазақстаннан соқыр ұпай да еншілей алмай, бос қайтты. Енді өз алаңында ұтылса, жанкүйерлерін жасытып, ренжітіп алар еді...

Бірінші таймда «Ордабасы» қонақтарын қыспаққа алып, «Атыраудың» қорғаушылары мен қақпашысы олардың шабуылдарын тойтарумен болды. Тіпті алаң иелері футболшыларының бастарынна асыра қайшылап тепкен доптары қақпа бағанасы мен маңдайшасына тиіп, кері қайтты.

Алайда «Ордабасы» айылын жимады. Екінші таймда да шабуылды үдетті. «Атыраудың» қорғанысы алаң иелерінің қарқынына екі мәрте төтеп бере алмай қалды. Тұңғышбаев пен Нөсербаев соққан голдар Оңтүстік Қазақстан жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.

«Ордабасы» – «Атырау» – 2:0 (0:0)

Голдар: Тұңғышбаев, 68. Нөсербаев, 86.

Ескертулер: Сикимич, 5. Тұңғышбаев, 29. Нұрыбеков, 45+2. Максимович, 66. Хайруллин, 77.

«Ордабасы»: Нурмухаметов, Төлебек (Ирисметов, 77), Фонтанелло, Ерланов, Смақов, Симчевич (Бочаров, 70), Диакате, Ковальчук, Каньяс, Нұрғалиев (к), Тұңғышбаев (Нөсербаев, 73).

Қосалқы құрам: Бекбаев, Гейнрих, Йорданов, Петрак, Әшірбеков, Бейсенов.

«Атырау»: Нарзикулов, Чичулин, Обшивач, Аблитаров, Абдрахманов (Сүлей, 29), Коробов (Тәжімбетов, 59), Максимович, Нұрыбеков (Джокич, 46), Хайруллин (к), Двалишвили, Сикимич.

Қосалқы құрам: Қалменов, Лобжанидзе, Саломов, Эсатов, Қайыраллиев, Сергиенко.

Төрешілер: Рахымбаев (Алматы), Будниченко (Екібастұз), Панин (Қостанай).

20 тамыз. Шымкент, «Намыс». 3200 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика