Вернуться к списку статей

«Ақжайық» пен «Ақтөбе» үшінші рет тең түсті

Футбол
2K
«Ақжайық» – «Ақтөбе» – 2:2. Фото: fc-aktobe.kz
Көш соңындағы «Ақжайық» пен «Ақтөбе» Оралда кездесіп, биылғы маусымда үшінші рет тең түсті.

ХХІV тур Оралдағы аутсайдерлер арасындағы кездесумен басталды. Бір қызығы, «Ақжайық» пен «Ақтөбе» осыған дейін екі рет тең түскен еді. Бірінші айналымда Ақтөбеде додаға түсіп, 1:1 есебімен итжығыс түскен. Ал ХV турдың сәл кейінірек өткен матчы Жайық жағасында өтіп, еліміздің батыс аймағындағы қос клуб тағы да ұпай бөліскен. Есеп – 2:2.

Бүгінгі матч өте маңызды еді. Үш ұпайдың бағасы тым жоғары болатын. Жеңілгені көштен қалып, бәсекелестерін ұзатып алуы ықтимал-тын. Сондықтан екеуі де жеңіске жетуді ойлады.

Алайда «Ақтөбенің» қақпашысы бірінші таймда өрескел қателік жіберіп, аяғының астындағы допты теуіп жібере алмай, мүлт кетті. Сидельников тебе алмаған доп «Ақжайықтың» жаңа шабуылшысы Марко Дуровичтің оңай олжасына айналды. Ол ширақ қимылдап, ыңғайсыздау нүктеден қақпаны дәл көздеді.

Үзілісте «Ақтөбенің» бас бапкері өз тактикасына аздаған өзгерістер енгізіп, алаңға Игорь Зеньковичті шығарды. Ол жаттықтырушысының сенімді ақтап, екінші тайм басталған бетте басымен гол соқты. Сөйтіп, таразы басы теңесті. Құрамында деңгейі жоғарылау ойыншылары көбірек «Ақтөбе» енді қарқынын үдетсе керек еді. Бірақ...

Бірақ, қақпашысы тағы да жаза басты. Шыр айнала ұшқан допты тойтара да, тіпті оған жете де алмай, дымы құрыды. Ал Дурович мұндай мүмкіндікті мүлт жіберсін бе? Екінші рет «Ақтөбе» қақпасының торын бүлк еткізіп, жанашыр көрермендерін аһ ұрғызды. Алаң иелері қайтадан алға шықты.

«Ақтөбенің» бағы бар екен. Бас төреші әуелеп ұшқан доптың «Ақжайықтың» ойыншысының қолына тигенін көріп қойды. Ойланбастан пенальти берді. Зенькович 11-метрлік айып соққысын мүлтіксіз орындап, екінші рет таразы басын теңестірді.   

Қайсысы екі ұпай жоғалтты, қайсысы бір ұпай олжалады? Дәл қазір дөп басып айту қиын. Қоңыр күзде белгілі болады. Себебі басты бәсекелестері болып саналатын «Оқжетпестің» осы турдағы ойыны («Астана» клубымен) 25 қазанға шегерілген.    

«Ақжайық» – «Ақтөбе» – 2:2 (1:0)

Голдар: Дурович, 20 (1:0). Зенькович, 47 (1:1). Дурович, 57 (2:1). Зенькович, 82-пенальтиден (2:2).

Ескертулер: Обрадович, 7. Колчак, 68. Николич, 90+3.

«Ақжайық»: Котляр, Ерсәлімов, Николич, Одибе, Шмидт, Сапанов (к), Главина, (Шабаев, 86), Перцух, Заречный, Дудченко, Дурович (Тапалов, 65).

Қосалқы құрам: Төлебаев, Коронель Ортиз, Аренас, Антипов, Зұлпықаров, Аяғанов, Удалов.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Айтбаев, Колчак, Симович, Қайыров (Зенькович, 46), Нейн Еоне, Шестаков, Валиуллин, Муарем (Фог-Поррье, 83), Шимкович, Обрадович (Савич, 61).

Қосалқы құрам: Отарбаев, Сәулет, Байтана, Кәкімов, Шурыгин, Жұмағали.

Төрешілер: Бобров, Конивец (екеуі де – Қарағанды), Жақсылық (Қызылорда).

19 тамыз. Орал. П.Атоян атындағы стадион. 3 500 көрермен.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика