Вернуться к списку статей

Алдағы екі-үш жылда Премьер-лигада Қызылорда дербиін көреміз бе?

Футбол
1K
Алдағы үш-төрт жылда Премьер-лигада Қызылорданың екі командасы ойнап жатса таңғалмаңыз
Бірінші лиганың екінші айналымы аяқталды. Бүгін еліміздің төрт қаласында 18-турдың ойындары өтті.

Алдымен еліміздің ең ыстық аймағында өткен ойын туралы. Қызылордада «Байқоңыр» қарсыласы «Каспийдің» қақпасына екі гол соғып қана қойған жоқ, өз иелігіне де доп дарытпады. Дубльдің авторы – Шоқан Абзалов. Жалпы, кезекті жеңісін пайдаланып, «Байқоңыр» жайында сәл тарқатқымыз келіп отыр.

Жергілікті қаракөздер үшін 2014 жылы құрылған команда үлкен футболдың барлық ыстық-суығынан өтті. Есімізде, Қызылорда облысы спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Садық Мұстафаевтың өзі бастап, осы клубты қолға алған болатын. Игі бастаманы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев та қолдады. Облыс әкімінің «Команданың аты «Байқоңыр» болсын! Байқоңырдың өзіміздікі екендігін сезінсін» деген секілді сөздері де жадымызда. Бас бапкер ретінде Қызылордада талай таланттын томағасын сыпырған Құттыбай Досманбетов тағайындалды. Команда әуелі Екінші лигаға қатысып, бірінші маусымында-ақ жеңімпаз атанды да, Бірінші лигаға жолдаманы жеңіп алды. Құттыбай Жәмиұлы жастарға орнын босатқаннан кейін тізгінді жергілікті дарынды маман Ерлан Шойтымов ұстады. Команда бірден Бірінші лигада фавориттерден қаймықпайтын қайсар ұжымға айналып шыға келді. Рас, сәтсіз ойнаған уақыттары да болды. Бірақ, басқалардан бір артықшылығы – құрамында кілең қызылордалық қаракөздер ойнады. Әлі де тек Сыр өңірінің түлектеріне сенім артады. Легионерлерді былай қойғанда, өзге өңірлердің ойыншылары да бірен-саран. Селекциялық қызметіне де қызығасың. Өзін дәлелдеймін деген жігіттердің барлығына да мүмкіндік беріп жүр. «Байқоңырда» ойнау үшін міндетті түрде «Қайсардың» мектебінен өту маңызды емес. Мәселен, бүгін «Каспийдің» қақпасына екі гол соққан Шоқан Абзалов күні кеше ғана әуесқой деңгейде доп тепкен жас талант. Қаладағы Әуесқой футбол лигасында ойнап жүрген жерінен бапкерлер байқап қалып, «Байқоңырға» шақырған. Міне, сол жігіттер қазір Бірінші лигада кез келген ұжыммен терезесі тең дәрежеде ойнай алатынын дәлелдеп жүр. Қазір турнир кестесінде 4-орында. Премьер-лигаға жолдама беретін орында тұрған «Қайрат А» командасынан небәрі бес-ақ ұпайға қалып келеді. Кім біледі, бәлкім, алдағы екі-үш жылда «Байқоңыр» ірі бәсекелерге дайын болып, Премьер-лигада Қызылорданың екі командасын көріп қалармыз.


Бірінші лига

18-тур (19.08.17)

«Байқоңыр» (Қызылорда) – «Каспий» (Ақтау) 2:0 (0:0)

Голдар: Шоқан Абзалов, 70. Шоқан Абзалов, 85.

«Қайрат А» (Алматы) – «Жетісу» (Талдықорған) 1:2 (1:0)

Голдар: Айбол Әбікен, 3 (1:0). Олег Хромцов, 85 (1:1). Олжас Керімжанов, 90 (1:2). 

Ойынның 55-ші минутында Серік Сағындықов (Ж) алаңнан қуылды.

«Қызыл-Жар» – «Мақтаарал» (Жетісай) 2:1 (1:0)

Голдар: Тимур Мульдинов, 45 (1:0). Самит Чулагов, 78 (1:1). Тимур Мульдинов, 84 (2:1).

«Екібастұз» – «Қыран» 1:2 (0:1)

Голдар: Бекзат Жақсыбайұлы, 44 (0:1). Ярослав Саденко, 51 (1:1). Асқар Әбутов, 75 (1:2).

Ал турдың орталық кездесуі оңтүстік астанамызға жоспарланған. Турнир кестесінде үшінші орында келе жатқан «Қайраттың» академиясы өз алаңында біріншіліктің басты фавориті «Жетісуды» қабылдады. Жалпы, соңғы кездері «Қайрат» академиясының жеңісті ойындарынан кейін «Қайрат» футбол клубының басшысы Қайрат Боранбаев бұл командаға жеке еншісін бөліп беріп, Премьер-лигаға қоспақ екен деген сыбыс тарап жүр. Талдықорғандықтардың жағдайы түсінікті. Дмитрий Огай шәкірттері Бірінші лигада көп кідіргісі келмейді. Алдынан шыққанын жайпап келеді. Рас, өткен турда көш соңында келе жатқан «Екібастұз» бұларды Талдықорғанда «шапалақпен тартып жіберді». Дегенмен, естерін тез жиды. Алматыдағы ойында 3-ші минутта-ақ қақпаларынан доп алып шығуға мәжбүр болған «Жетісу» жігіттері екінші таймда бар күштерін салып, матч соңына таман осы лига үшін жаралған Олег Хромцовтың голы арқасында таразы басын теңестірсе, Олжас Керімжанов қонақтарға жеңісті жұлып әперді. Айтпақшы, «Жетісудың» 55-ші минуттан бастап кем құрамда ойнағанын да айта кету керек.

Осы жеңістің арқасында «Жетісу» басты бәсекелесі «Қызыл-Жармен» 11 ұпай айырмашылығын сақтап қалды. Өз кезегінде өз алаңында «Мақтааралды» қабылдаған Владимир Фомичев шәкірттері Тимур Мульдиновтің дублі арқасында оңтүстіктен келген ойыншыларды 2:1 есебімен ұтты.

Дәл осындай есеп «Екібастұз» – «Қыран» командалары арасындағы кездесуде де тіркелді. Шымкенттік Бекзат Жасыбайұлы мен Асқар Әбутовтың голдарына алаң иелері тарапынан Ярослав Саденко ғана бір тура соққымен жауап бере алды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика