Вернуться к списку статей

Пас берудің қас шебері еді...

Футбол
2K
Марқұм Серік Жейлітбаев. Фото: pflk.kz
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы бүгін ел тарихындағы даңқты футболшылардың бірі Серік Жейлітбаевты еске алады.

Серік 1974 жылы 24 маусымда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Жасыл алаңдағы карьерасын 1992 жылы Алматының «Олимпия» командасында бастайды. Сол ұжымнан оны «Қайрат» клубының бапкерлері байқап қалып, командаға шақырады.

Сол кезде алматылықтар сапында КСРО чемпионатында өнер көрсеткен футболшылар аз емес болатын. Содан Масудов, Волгин, Огай секілді саңлақтардан баға жетпес сабақ алып, біраз уақыттан кейін Жейлітбаевтың өзі «Қайраттың» көшбасшысына айналады. 1993 жылы Серік барлық ойындарда да негізгі құрамда алаңға шығып, бірнеше доптың және нәтижелі пастардың авторы атанады. 

– Біздің құрдастарымыз пәтер мен көлікке және ақшаға ешқашан да құмар болған емес– деп сол кезді еске түсірген еді Жейлітбаевтің өзі Дегенмен, 1995 жылы мен үйленіп, бір жылдан кейін қызым дүниеге келді. Сөйтіп отбасымды асырау керек болды. Бірақ, біріншіден, біз тек қана футболды, ал содан соң ғана осы ойыннан түсетін пайданы ойладық. Қазіргі футболшылар үшін ең бастысы – ақша ғана.

«Қайраттан» кейін Серікті Ресейге шақырады. Бірақ көрші елге барған соң шақырған команданың өзі ойлағандай бірінші емес, үшінші лигада өнер көрсететінін біледі. Амал жоқ, ол кезде Қазақстан клубтарында қаржы болмады. Сондықтан «Сибирь» командасында ойнауға келіседі. Жоғары дәрежелі ойын өрнегін көрсетіп, жоғары лига клубтарының назарына ілігеді.

Сөйтіп, оған бірнеше ұсыныс түседі. Қазақстаннан да екі ұсыныс болады – «Шахтер» және «Қайрат» командаларынан. Ол кезде алматалықтарды кейіннен есімі төрткүл дүниеге мәшһүр болған Құрбан Бердыев жаттықтыратын. Басқаса басқа, бірақ Құрбан-ағаның сөзін жерге тастай алмайды. Осылай «Қайрат» сапында бірнеше маусым өткізіп, аяқасты Түркменстан еліне аттанды.

Тағы да Құрбан-ағаға... «Ниса» командасына да оның мүмкіндіктерін жоғары бағалайтын Бердыев шақырған болатын. Дәл осы командада Серік Қазақстан чемпионатының болашақ жұлдыздары – Реджепмұрат Ағабаев, Байрамнияз Бердыев пен Юрий Бордолимов сынды футболшылармен танысады. 

Содан кейін тағы да – «Қайрат», кейінірек «Шахтер» мен Петропавлдың «Есіл-Богатырь» командалары сапында өнер көрсетеді. Қай клубта ойнаса да Серік команданың ойынын үйлестіріп, Қазақстан футболындағы беделі арта түседі. 


2002 жылы Дмитрий Огай оны Павлодардың «Ертісіне» шақырады. Осы командада Серік төрт жарым жыл ойнап, ерен жетістіктерге қол жеткізеді. Соның ішінде ең маңыздысы – екі чемпиондық атақ пен жанкүйерлердің махаббаты.

Павлодар жанкүйерлері күні бүгінге дейін оның айып соққысынан қалай орындайтындығын, допты доғаша иіп, қақпа тоғыздығына дөп түсіретіндігін ұмыта алмайды. Көрермендер көзайымына айналып, бапкерлерінің сенімінен шығады. Сондықтан басқа клубтардың ұсыныстарына көңіл бөлмейді. 

2006 жылы «Ертістен» де кетуге тура келді. Қарағандыға оралады. Содан кейін «Жетісу» мен «Қайратта» біраз уақыт доп тебеді. Ал жасыл алаңдағы карьерасының соңғы жылдары Вахид Масудов жаттықтырған Өскеменнің «Востогында» өтеді. 2010 жылы сырқаты күшейе түсіп, Жейлітбаев футболмен қош айтысуға мәжбүр болады...

Ол доп теуіп жүрген кезінің өзінде бапкер болуды ойлайтын һәм қызығатын. 2012 жылы «Қайрат» клубының қосалқы құрамында өзінің осы саладағы жұмысын бастайды. Бірақ бір жыл ғана сүйікті ісімен айналысады. Өкінішке қарай, 2013 жылы, ортамыздан кетті. Көптеген идеялары, жоспарлары болатын, бірақ оларды жүзеге асырып үлгермеді...

Сол жылы Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы Серік Жейлітбаевтің есімін мәңгі есте сақтау үшін арнайы жүлде тағайындап, маусым сайын ел чемпионатында ең көп ойын өткізген футболшыға тапсырып келеді. Ол Жейлітбаев жүлдесі деп аталады.

Алаңдағы шеберлігі мен алаң сыртындағы  азаматтығы қатар тұратын Жейлітбаевты әріптестері, достары, жанкүйерлері ешқашан ұмытпайды. Мәңгі жүрегімізде қалады...

Ербол Қаиров, ҚР КФЛ

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика