Вернуться к списку статей

"Ертістің" жаңа бапкері – Вячеслав Грозный

Футбол
1K
«Ертіс» футбол клубы көпшілікке жаңа бас бапкерін таныстырды. Бүгін Павлодарда осыған байланысты баспасөз мәслихаты өтіп, украиналық маман журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Кезінде Мәскеудің «Спартагында» Олег Романцевтің сенімді көмекшісі болған украиналық маман өз ғұмырында әртүрлі клубтарды жаттықтырған. 1996 жылы «Днепрді» жаттықтырып, Украинаның үздік бапкері атанған. 2002 жылы «Арсеналда» қызмет етіп жүріп, тағы да сол жетістікке жетті. 1998 жылы Болгарияның үздік жаттықтырушысы болып танылды. Ресейдің бес дүркін чемпионы.

2011 жылдың желтоқсанында Қостанайға келіп, жергілікті «Тобылдың» тізгінін ұстады. Клуб та маусымды сәтті бастап, ұзақ уақыт үздіктер қатарында жүрді. Алайда, чемпионатты бар болғаны 6-шы орында аяқтады. Ел кубогынан да ерте ұшып кетті. Команданың ойынына қанша көңілдері толмаса да сол маусымның соңында клуб басшылығы Грозныймен келісімшартты бұзған. Бірақ, бір қызығы 2012 жылдың 31 желтоқсанында Грозный «Тобылдан» кете барды.

Оның «Ертіске» дейінгі соңғы командасы – Тбилисидің «Динамосы». 2016 жылдың қазан айында Вячеслав Грозный гүржілермен 3 жылдық келісімшартқа отырған. Алайда, 3 жыл емес, қызметі бар болғаны 3 жарым айға ғана созылды. Биыл ақпан айында маусымның басталуына жарты ай қалғанда белгісіз себептерге байланысты Грозный Тбилисиден кетуге асықты. Отбасылық жағдайлар Грузияда жұмыс жалғастыруына мүмкіндік бермеді деп жазды сол кезде баспасөз құралдары. Ал Грозныйдың жетекшілігімен «Динамо» Грузия чемпионатында төртінші орынды иемденген болатын.

– «Ертіс» – мақсаты асқақ клуб. Стадионға көрермендердің көптеп жиналуы үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Әлбетте біздің басты мақсатымыз – еурокубоктың орындардан көріну. Сондықтан, әр ойында жеңіске жетіп, ұпай қорымызды молайтуға тырысамыз, - деді баспасөз мәслихаты барысында 61 жастағы украиналық маман.

Вячеслав Грозный мен «Ертістің» неше уақытқа келісімшартқа отырғаны әлі белгісіз. Дегенмен, «Динамодағыдай» үш айдан кейін «отбасылық жағдайына» байланысты кетіп қалмасын дейміз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика