Вернуться к списку статей

"Астанадан" Кабананга да кетіп қалуы мүмкін

Футбол
1K
«Астана» футбол клубы тағы бір «қара маржанынан» айрылып қалуы мүмкін. Бұл жолы әңгіме Жуниор Кабананга жайлы. Конголық сұрмергенге Англияның үш клубы қызығушылық танытуда.

Бұл туралы Ұлыбританияның «Ноттингем пост» сайты жазып жатыр. Патрик Твумаси туралы алып-қашпа әңгімелер аяқталмай жатып, Кабананга да командадан кетіп қалу мүмкіндігін қарастырып жатқан сияқты.

Нақты айтсақ, Конго демократиялық республикасының шабуылшысына «Ноттингем Форрест», «Лидс» және «Халл сити» қызығушылық танытып жатыр. Үшеуі де Англия Чемпионшибінде өнер көрсетеді. Былтырғы маусымда «Ноттингем Форрест» 24 команданың ішінде 21-орынды иемденген. «Лидс» 7-орыннан көрінген. Ал ресейлік маман Леонид Слуцкий жаттықтыратын «Халл сити» Премьер-лигада ойнаған болатын.

«Ноттингем посттың» жазуынша әзірге Кабананганы тартып алудан «Лидстің» үміті зор көрінеді. Оның трансферлік бағасын әлгі электронды басылым 1,656 миллион евро деп көрсетіпті. Алайда, немістің «transfermarkt.de» сараптамалық сайтында Кабананганың құны 1,2 миллион евро деп көрсетілген.


Әзірге бұл туралы «Астана» футбол клубының басшылығы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Тіпті, Чемпионшип клубтарының агенттері елордада жүр деген ақпарат та қолымызда жоқ. Алайда, айта кетейік, жақында «Астана» футбол клубы Жуниор Кабананганың келісімшартын жаңартып, еңбек келісімін 2019 жылдың желтоқсанына дейін ұзартқан.

– «Астана» – менің үйім, ал Астана – екінші қалам. Мұнда өмір сүргеніме, осы командада ойнағаныма бақыттымын. Бұл жерде мені бәрі сыйлайды, алаңдағы ойынымды бағалайды. Стадион толы жанкүйер менің есімімді айқайлап, ұрандатқанда көзіме жас келеді, - деп ағынан жарылған болатын Жуниордың өзі.

Жалпы, Кабанангаға осы жазда Италияның «Кротонесі» де, Польшаның «Легиясы» да қызығушылық танытқан болатын. Сондықтан, клуб басшылығының дер кезінде футболшымен келісімшартты ұзартқаны көрегендік болды.

Ал «Астанаға» 28 жасар конголық сұрмерген 2015 жылдың жазында Бельгияның «Серкль Брюгге» командасынан келген. 2016 жылғы футбол маусымының жартысын Түркия Суперлигасындағы «Карабюкспорда» өткізіп, елордамызға қайта келген. «Астана» үшін бүгінге дейін 79 ойын өткізіп, 30 гол соққан. Биылғы маусымда 14 голмен Премьер-лига сұрмергендерінің тізімінде екінші орында келеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика