Вернуться к списку статей

Андрей Карпович: «EXPO CUP»турнирінің форматы ұнады

Футбол
1K
Астанада екі күнге созылған «EXPO CUP» турнирі өз мәресіне жетті. Бас жүлдені Ресей ардагерлері жеңіп алды.

«Аңыздар додасы» форматында өткізілген жарысқа 6 команда қатысты. Олардың арасында кезінде талай футбол жанкүйерінің көз қуанышына айналған Жан-Пьер Папен, Христо Стойчков, Эрнан Креспо, Яри Литманен, Нуну Манише, Бернд Шустер секілді жұлдыздар да бар.

Қазақстан намысын 90-жылдардың орта тұсы мен 2000 жылдардың алғашқы 10 жылдығында атой салған футболшылар қорғады. Солардың бірі – Андрей Карпович.

Семей футболының түлегі команданы алаңға капитан ретінде бастап шығып жүрді. Португалиямен өткен ойыннан кейін Карповичті аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Андрей, Қазақстан Португалия жұлдыздарынан ірі есеппен ұтылды. Осының себебін айта кетсеңіз?

– Қарсылас команданың деңгейі өте жоғары. Бұл біз үшін белгілі бір деңгейде тәжірибе болары анық. Мұндай форматтағы турнирге алғаш рет қатысып отырмыз. Бастысы, стадионға жиналған көрермендерге ұнаса болғаны. Португалиямен ойында жанкүйерлер 20 голға куә болды. Осының өзі көп адамға қуаныш сыйлайды деп ойлаймын. Футбол – бұқаралық спорт. Салауатты өмір салтын насихаттаудың төте жолы. Елімізге қаншама жұлдыздар келді. Мұның бәрі жас өсіп келе жатқан футболшыларға, жалпы, жастарға стимул болуы тиіс.


– Турнир алдында қақпашы Олег Воскобойников пен шабуылшы Нұрбол Жұмасқалиев қатысады деп күтіліп еді. Бірақ қазақ футболының қос мақтанышын бүгін алаңнан көрген жоқпыз?

– Өйткені өзіндік себептері бар. Алғашында тізімде болғандардың кейбіреуі қатыса алмады. Біреуі жарақатына байланысты келе алмаса, енді бірі турнирдің регламентінде көрсетілген шектеуге байланысты ойнай алмады. Әйтпесе, қатысуға тілек білдіргендер өте көп болды.

Ал жалпы, турнирдің форматы көңіліңізден шықты ма?

– 40 минуттың ішінде қаншама гол соғылады. Кей кезде қуанып та үлгермейсің.  Оның бәрі жанкүйерлерге ұнайды деп ойлаймын. Аңыз ойыншылардың өздерің жақсы көрсетуіне жастарына біразға келіп қалғаны да кедергі келтірген жоқ. Шеберлік пен тәжірибе ешқайда жоғалмайтына тағы бір мәрте куә болдық деп ойлаймын.

– Турнирдің үздік ойыншысы деп кімді атайсыз?

–  Ұйымдастырушылармен келісемін. Роман Широков үздік болды.

Айта кетейік, «EXPO CUP» турнирінің бас жүлдесі Ресей құрамасына бұйырды. Финалда Әлем құрамасымен кездескен солтүстік көршілеріміз бірінші минуттан бастап белсенді болып, ойынды 7:4 есебімен аяқтады. Ал қола жүлде Португалияға бұйырды. Нуну Манише бастаған марғасқалар Қазақстан құрамасын 13:7 есебімен ұтты.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика