Вернуться к списку статей

Асқат Қадырқұлов – "Селтик" "Астанадан" еш мықты емес

Футбол
1K
Асқат Қадырқұлов –
«EXPO-2017 cup» додасына жиналған жұлдыздарда шек жоқ. Еуропа және Әлем чемпиондары, Чемпиондар лигасының жеңімпаздары мен «Алтын доп» иегерлері...

Ойындарына тамсанып, суретке түсіп жүрген жанкүйерлер де көп. Тіпті, Қазақстан құрамасының футболшылары да олардың ойындарынан ләззат алғандарын мойындады. Солардың бірі Қазақстан ұлттық құрамасының 2000 жылдардағы жартылай қорғаушысы Асқат Қадырқұлов.

– Керемет. «EXPO-2017 cup» турнирі өте жоғары дәрежеде өтті. Әлем жұлдыздарының ойындарына қарап, біз де керемет ләззат алдық. Ұлттық құрамадағы бұрынғы әріптестерімізбен кездесіп, арқа-жарқа болыстық. Өзіме қатты ұнады, – деп бастады Асқат Қадырқұлов.

– Футболды қорапта ойнаған қаншалықты қиын екен?

– Біз мұндай турнирге бірінші рет қатысып отырмыз. Бұған дейін қорапта футбол ойнап көрмеген едік. Рас, бұл да футбол. Бірақ, сәл басқаша, ерекшеліктері бар екен. Қолымыздан келгенше тырыстық қой.

– Сонда да, жүлделі орындардан көрінуге не жетіспеді?

– Өздеріңіз көрдіңіздер ғой, әлемдік деңгейдегі ойыншыларға қарсы ойнадық. Бірінші ойында Германияны ұттық. Соның өзі үлкен ерлік. Алайда, Әлем құрамасы мен Португалияға қарсы шамамыз жетпеді. Қорапта ғана емес, кішкентай шаршы метрдің өзінде бұлар техниканың небір атасын көрсете алатын футболшылар. Олардың мықтылықтарын мойындауымыз керек. Жылдам қимылдайды, тез ойлайды. Тіпті, көп жүгірмейді де. Бір орында тұрып-ақ сені шыр көбелек айналдырады.

– Сондай-ақ, олар бұған дейін де «қораптағы футбол» турнирлеріне қатысқан сияқты ғой...

– Иә, маған да солай көрінді ғой. Негізі, «қораптағы футболды» ресейліктер ойлап тапқан. Олар қатарынан 10 жыл мұндай турнирлерде қарсылас шақ келтірмей келеді. Ал басқа командалардағы ойыншылардың бір-бірімен доп ойнап жүргендеріне кемінде 5-6 жылдай болған секілді. Ал бізді бір апта бұрын жинап алды. Бірге жаттыққан да жоқпыз. Әлбетте, ақталып тұрған жоқпын. Қарсыластарымыздың мықты екендіктерін мойындап, шеберліктеріне басымды иемін.


Асқат Қадырқұловтың Португалия қақпасына тепкен добы.

– Жалпы, жұлдыздарға қарсы ойнаған қалай екен? Кеуделерін керген жоқ па?

– Жоға. Олар да біз сияқты адам ғой. Өте қарапайым. Өздері бірінші болып амандасады. Шеберліктері жоғары. Чемпиондар лигасы мен әлемдік мундиальдарды бекер ұтып алмағандары көрініп тұр. Саналы адамның неғұрлым дәрежесі өскен сайын соғұрлым қарапайым болады ғой. Мен бұл жұлдыздардан ешқандай да менмендік көрген жоқпын.

– Сізге қарап тұрсам, өзіңіз де әлі бабыңызда сияқтысыз. Әлі күнге доп теуіп тұрасыздар ма?

– Иә, Алматыда ардагерлер лигасына өз командамызбен қатысамыз. Үнемі сенбі және жексенбі күндері жасыл алаңнан шықпаймыз. Сондықтан, доп тебуді ұмытып қалған жоқпын.

– «Астана» жайлы сұрасақ. Қалай ойлайсыз, елордалық клуб Шотландияның «Селтигінен» өте ала ма?

– «Астанаға» сенемін. Олардың «Селтикті» ұтуына тілектеспін. Былтыр да бұл командамен кездесіп, ойнауға болатынын «Астананың» өзі де дәлелдеді ғой. Ең бастысы, түзде сәтті ойнап, қақпамызға гол жібермей, өз алаңымызда текетірестің тағдырын шешуіміз керек. Ал «Астана-Аренада» ешбір қарсыласқа оңай болмайтыны түсінікті. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтсе, бұдан «Астана» ғана емес, бүкіл Қазақстан футболы ұтады.

– «Астана» плей-офф кезеңінде мүмкін болған бес қарсыластың ең қиынына түскен секілді...

– Плей-оффта оңай қарсылас болмайды ғой. Бәрі де топтық кезеңге шығуда көздейді. «Селтикті» ең қиыны демес ем. Олардың да әлсіз тұсы бар. Ал «Астана» қазір нағыз бабында.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика