Вернуться к списку статей

Виктор Булатов – Астана Нью-Йоркке ұқсайды екен

Футбол
1K
Виктор Булатов – Астана Нью-Йоркке ұқсайды екен
«EXPO-2017 cup» турнирінен кейін жеңімпаз команданың екі ойыншысы Дмитрий Сенников пен Виктор Булатовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, ресейліктер журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Дмитрий Сенников: – Астана өте әсем қала екен. Жаңа ғимараттар, жаңа стадион – бәрі-бәрі көз қуантады. Спортқа да жоғары көңіл бөлініп жатқаны көрініп тұр. Турнир жоғары деңгейде өтті. Финалдық ойындарға жанкүйерлер де көп жиналды. Өзіміздің жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз.

Виктор Булатов: – Мен бұған дейін де бір рет Астанада болғанмын. 2007 жылы «Астана» футбол клубында жарты маусым ойнағанмын. Сол кезде-ақ қала көркейіп, көптеген әсем үйлер салынып, жылдам дамып келе жатқан. Бірақ 10 жылдың ішінде Астана адам танымастай өзгеріп кетіпті. Кеше кешкісін қаланы біраз аралап, тамсанып қайттым. Құдды бір, Орта Азияның қаласында емес, Нью-Йоркте жүргендей болдым. Дегенмен, көре алмаған жерлеріміз де өте көп. Сондықтан, алдағы уақытта жолымыз түсіп жатса, Қазақстанға қайта келіп, қаланы тағы бір аралауға кетәрі емеспін.

– Қораптағы футболды Ресейде ойлап тапқан деп жатады. Өздеріңіз қашаннан бері мұндай футболды ойнап жүрсіздер?

Дмитрий Сенников: – Расында да, бала кезімізде хоккей алаңдарында доп тебетінбіз. Ол кезде жөні түзу алаңдар тапшы еді ғой. Сондықтан, «қораптағы футбол» біз үшін таңсық емес. Рас, өз басым, мұндай турнирге бірінші рет қатысып отырмын. Өйткені, карьерамды аяқтаған соң біраз уақыт футболсыз жүрдім. Ардагерлер арасындағы турнирлерге кеш қосылдым. Ал «қораптағы футбол» өте қызық екен. Үлкен футбол мен шағын футболға қарағанда динамика көп. Доп шығып кете бермейді. Оның үстіне, үлкен футболда сен 90 минуттың екі минутында ғана допқа иелік етуің мүмкін. Ал мұнда үнемі қозғалыста болып, допты жиі тебесің. Әсіресе, кезінде жасыл алаңда жолыққан жұлдыздармен қайта қауышып, арқа-жарқа болып қалдық.

Виктор Булатов: – «Қораптағы футбол» Ресейде дүниеге келген деу дұрыс емес шығар. Өйткені, бала кезімізде хоккей алаңдарында доп тепкенімізбен қателеспесем, «қораптағы футбол» Германияда пайда болған. Есімде, 1980-90 жылдары Мәскеудің «Спартагымен» бірге Германияға жиі оқу-жаттығу жиындарына баратынбыз. Сол кезде немістерде «қораптағы футболдың» өз чемпионаттары мен турнирлері өтетінін көріп таңғалғанбыз. Өз басым, 1993 жылы шағын футболдан Ресей чемпионатына қатысқаным бар. Бірақ ол кезде алаң жиегінде борттар болмайтын. Ал бүгін расымен де қызық турнир болды. Әсіресе «Әлем құрамасының» кішкентай ғана алаңда шедеврлер жасағанына таңғалып, басымызды идік.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика