Қазақстанда мұнша футбол жұлдыздары бұған дейін жиналмаған шығар. Жан-Пьер Папен, Христо Стойчков, Эрнан Креспо, Яри Литманен, Нуну Манише, Бернд Шустер... тізе берсең, жұлдыздар шеруін сағаттап жалғастыра беруіңе болады. Кеше топтық кезеңнің ойындары өтіп, қай командалардың қай орындарға таласатындықтары белгілі болды.
Жастар арасында болсын, ересектер додасында болсын, соңғы әлемдік ірі турнирлердің барлығында атой салып жүрген Германия құрамасының сүрінген жері Астана болды. Өз тобында соңғы орыннан көрініп, бесінші орын үшін өткен ойында Италия футболшыларынан 4:7 есебімен жеңіліп қалған немістер турнирді соңғы орынмен қорытындылады.
Ал қола жүлде Португалияға бұйырды. Нуну Манише бастаған марғасқалар Қазақстан құрамасын 13:7 есебімен ұтты.
Бас жүлде Ресей құрамасында. Финалда Әлем құрамасымен кездескен солтүстік көршілеріміз бірінші минуттан бастап белсенді болып, ойынды 7:4 есебімен аяқтады.
Турнирдің марапаттау рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы және Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілдә Байшақов қатысты.
Үздік қақпашы номинациясында «Әлем құрамасының» украиналық кипері Александр Шовковский үздік атанса, үздік қорғаушы атағы португалиялық Фернанду Мейраға бұйырып, тағы бір португал Нуну Манише үздік шабуылшы болып танылып, ресейлік Роман Широков турнирдің үздік ойыншысы атанды.
Сонымен, «Астана ЭКСПО» көрмесі аясындағы «Аңыздар футболы» да аяқталды. Енді мұндай жұлдыздар Қазақстанға қашан келер екен деп піртұтар ойыншыларынан қолтаңба алып, суретке түсіп жатқан жанкүйерлердің қарасы да қалың. Балалар мәз. Ал ең бақыттылары футболшылармен бірге алаңға шыққан балдырғандар шығар. Айтпақшы, әр матч алдында футболшылардың жетегінде алаңға шыққан балалардың барлығы Астана футбол федерациясының Балалар футбол орталығында жаттығатын тәрбиеленушілер. Жұлдыздардың қолын ұстап, бірге алаңға шыққан олардан болашақта әлемдік деңгейдегі жұлдыздар шығады деп үміттенеміз.