Вернуться к списку статей

EXPO-2017 Cup: Қазақстан жалғыз жеңіспен шектелді

Футбол
1K
Футболдан Астанада өтіп жатқан EXPOcup халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы 3-ші орын үшін өткен ойында Португалиядан 7:13 есебімен ұтылып, 6команданың ішінде 4-ші орынды иеленді.

Пиренейліктер «қораптағы футболды» керемет меңгерген екен. Допты бортқа теуіп, өз өздерімен пас алмасып кетіп жатты. Матчтың бас жағында біздің жігіттер ойынға кіріге алмай, португалдардың бірден екі шабуылын өткізіп алды. Содан кейін бірден құрам алмастырған Қазақстан алаңға тың футболшыларды шығарып, Руслан Гумар, Асқат Қадырқұлов және Андрей Финонченконың комбинациясынан кейін, «Шахтердің» экс-капитаны таблодағы есепті қысқартты.

Әйтсе де, бірінші тайм толығымен Португалия құрамасының басымдығымен өтіп, үзіліске командалар 1:7 есебімен тарқасты. Ал екінші таймда намысқа тырысып, есепті біршама қысқартқанымен пиренейліктердің де қарымта шабуылдарын жіберіп қойып жатты. Нәтижесінде, екінші тайм голға өте бай болып, кездесу аяқталғанда таблода 7:13 есебі тіркелді.

Айта кетейік, бұл матчта қазақстандықтар Андрей Карпович хет-трик авторы атанса, Андрей Финонченко дубль жасап, Мұрат Тілешев пен Максим Самченко бір-бір голдан соқты. Ал Португалия сапында Нунун Манише мен Педру Мендеш хет-трик жасап, Луиш Мигел, Фернанду Мейра және Нуну Асиш екі-екі голдың авторы атанды. Тағы бір рет таблода Жозе Домингештің есімі тіркелді.

Осылайша, Португалия құрамасы қола жүлдеге қол жеткізсе, Қазақстан футболшылары бір ғана жеңіспен 6 команданың ішінде 4-орынды иеленді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика