«Астана-Арена» стадионында «Аңыздар додасы» басталды. Күллі әлемнің мықты футболшыларын жинаған турнирдің алғашқы ойындары аяқталып, ашылу салтанаты өтті. Қазақстан футболшылары бірінші кездесуінде Германия ардагерлерімен кездесіп, 8:6 есебімен жеңіске жетті. Ойыннан кейін құрамамыздың қорғаушысы Игорь Авдеевпен аз-кем әңгімелескен едік.
– Игорь, ойын туралы не айтасыз?
– Өте қызық матч болды. Ең бастысы, көрермендердің көңілі тоқ деп ойлаймын. Екі команда жабылып жүріп 14 гол соғып, әдемі шоу жасадық. Ал матч нәтижесіне көңілім толды. Ең болмаса Германияны осындай турнирде ұтқанымызға қуаныштымын.
– Жалпы, турнирге қандай мақсат қойып отырсыздар?
– Енді өз жерімізде өтіп жатқандықтан қалайда бірінші орын алуымыз керек қой. Негізі, ешкім бізге келіп осындай орын алуларың қажет деп тапсырма берген жоқ. Дегенмен, өзімізге артылған жауапкершілікті футболшылардың бәрі де сезінеді ғой.
– Сонымен, «қораптағы футбол» қалай екен?
– Бұл өзі біртүрлі қызық футбол екен. Жан-жағы борттармен қоршалған алаңда бір-біріне қарсы ойнап жүрген 12 ойыншы. Бірақ борттардың арқасында тағы бір басымдыққа ие боласың. Өйткені, бортқа теуіп, өзіңмен пас ойнауыңа болады.
– Бұған дейін мұндай футбол ойнап көрген бе едіңіз?
– Иә, ойнағанмын. Қателеспесем, 1998 жыл ғой деймін. Ол кезде Еуропада кеңінен танылып жатқан еді ғой. Германиядағы оқу-жаттығу жиындардың бірінде осындай бір символикалық турнирге қатысқанбыз. Сондықтан, сол кезде жиған азын-аулақ тәжірибем бар.
– Кезінде қорғаныста ойнаған едіңіз. Шоу турнирде шабуылға шығып көргіңіз келмеді ме?
– Әркімнің өз орны бар ғой. Қанша дегенмен қорғанысқа бейіммін. Бірақ, «қораптағы футболда» қорғаныс немесе шабуыл деп бөлінбейді ғой. Мүмкіндік болып жатса, алға шығып гол соғуға тырысып көремін.