Вернуться к списку статей

EXPO-2017 cup: Қазақстан Германияны жеңді

Футбол
1K

Астанада EXPO-2017 көрмесі аясында «Аңыздар додасы» басталды. Қазақстан алғашқы ойынын Германияның ардагерлерімен өткізіп, 8:6 есебімен жеңіске жетті.

Жарыстың форматы бойынша алаңда бес ойыншы және бір қақпашы өнер көрсетеді. Ойын 20 минуттан 2 таймнан тұрады.

Турнирдің шымылдығын ашқан Қазақстан құрамасы Германия футболшыларымен кездесті. Ойынның бастапқы минуттарында бірден 2 гол соққан қонақтарға алаң иелері үзіліске дейін 3 доппен жауап берді. Алдымен кезінде «Елімайдың» үздік жартылай қорғаушыларының бірі болған Қайрат Әубәкіров көзге түссе, одан кейін қазақ футболының голедоры Мұрат Тілешев дубльдың авторы атанды.

Ал екінші таймда Андрей Финоченко мергендік танытса, Тілешев есепті 5:2-ге жеткізді. Сөйтіп, осы турнирдегі алғашқы хет-трикті жасады. Одан кейін Андрей Богомолов екі гол, Алексей Клишин бір мәрте қанжығаларын майлады.

Дегенмен Германия ардагелері де аянып қалмады. Әсіресе, Томас Брдарич қақпашы Данил Рихардты жиі мазалаумен болды. Төреші ысқырығы шалынғанда таблода 8:6 есебі тіркелді.

Қазақстан құрамасы сапында бұл ойында Қайрат Әубәкіров, Максим Самченко, Рафаэль Уразбахтин, Игорь Авдеев, Алексей Клишин, Андрей Богомолов, Сергей Жуненко, Руслан Гумар, Даниил Рихард, Мұрат Тілешев, Андрей Финонченко, Асхат Қадырқұлов, Андрей Карпович өнер көрсетті. Карпович команданы капитан ретінде бастап шықты.

Қазақстан құрамасы енді Әлем жұлдыздарымен кездеседі. Сол ойында жеңіске жетсе, финалға тікелей жолдама алатын болады. 

Әлем жұлдыздары құрамасы сапында Эрнан Креспо бастаған футболшылар бар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика