Вернуться к списку статей

Какау – Ұлттық құрамада мен келісе бермейтін факторлар пайда бола бастады

Футбол
1K
Какау – Ұлттық құрамада мен келісе бермейтін факторлар пайда бола бастады
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-бас бапкері Какау қызметінен кеткеннен кейінгі алғашқы сұхбатын біздің порталымызға беріп, неліктен мұндай шешімге келгені жайлы айтып беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Какау, Ұлттық құрамадан кету – сіздің шешіміңіз бе, әлде Қауымдастық осындай «өтініш» білдірді ме?

– Өзімнің шешімім. Бас бапкерліктен босатуларын өзім сұрадым. Негізі, әлем чемпионаты кезінде Қазақстанды бүкіл әлемге таныттық деп ойлаймын. Алайда, мен келісе бермейтін, көзқарасым сәйкес келмейтін кейбір факторлар пайда бола бастады. Не нәрсе екенін айтқым келмейді. Өйткені, бұл елге құрметім ерекше. Сондықтан, арамыздағы жайттарды сыртқа шығармай-ақ қояйын. Ұлттық құрамадан кету, әлбетте оңай шешім болған жоқ. Мен бұл елді әрқашан жүрегімде сақтайтын боламын.

– Естуіміз бойынша, Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығы көп жағдайда уәделерін орындамай, ұлттық құрама футболшыларының сыйақыдан қағылған кезі аз болмапты. Ал ҚФФ-тың жаң басшылығымен сөйлестіңіз бе? Қалуыңызды сұраған жоқ па?

– Бұрын Қазақстан футбол федерациясы тарапынан футзалға көмек тым аз болатын. Ерлан мырза (ҚФФ-тың экс-президенті Қожағапанов Е.Т. – авт) келгенше жағдайымыз мәз болған жоқ. Сол кісі келгеннен кейін ғана жағдайымыз оңала бастады. Өкінішке қарай, қызметінен кетіп қалды. Қазір оның орнында басқа адам. Бірақ, тағы да өкінішке қарай десем болатын шығар, ол кісімен ұлттық құраманың бас бапкері ретінде кездесіп үлгермедім. Ол да отандық футзалға барынша көңіл бөледі деп үміттенемін. Өйткені, әлемдегі барлық елдер өз Федерацияларының қолдауларына ие. Онсыз болмайды.

– Біздің білуімізше, ұлттық құрамаға Алесионы ұсынған сіз екенсіз. Сіз жеткен жетістікке жете алады деп ойлайсыз ба?

– Менің орнымды басқа емес, Алесионың басқаны дұрыс болған сияқты. Өйткені, ол екі жылдай ұлттық құрамада менің көмекшім болып, бас командадағы жағдайдың бәрін бүге-шігесіне дейін жаттап алды. Мен ұсынған адамды таңдағандары дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Ол да ұлттық құраманы ұшпаққа жеткізеді деп үміттенемін.   

– Сізге Әзірбайжан құрамасы тарапынан ұсыныстар болғаны жайлы жиі айтылады. Олар сізді өз еліне әлі де шақырып жатыр ма? Басқа елдерден ше? Шақыртулар бар ма?

– Дәл қазір ешқандай елдермен келіссөздер жүргізіп жатқан жоқпын. Иә, біраз елдердің шақырғандары рас. Бір жағынан бұл мені қуантады. Қанша дегенмен еңбегімнің еленгені ғой. Демек, менің керек екендігімнің белгісі. Дегенмен, менің «Қайрат» футбол клубымен келісімшартым бар. Клубтың алдындағы міндетімді толық өтеуім тиіс.


Какау енді Қазақстан құрамасын жаттықтырмайды

– «Қайратпен» келісімшартыңыз қашан аяқталады? Одан кейінгі жоспарыңыз қандай?

– 2018 жылдың мамыр айына дейін жарамды. Әлі бір жарым жылым бар. Одан кейінгісін уақыт көрсетеді.

– Алматы биыл УЕФА кубогының финалдық кезеңін қабылдайды? «Қайратты» басты фаворит деп айтуға бола ма? Жалпы, қарсыластар жайлы не айтасыз?

– Орайы келіп отырғанда барша жанкүйерлерді оңтүстік астанамыздың «Алматы-Арена» спорт кешеніне шақырғым келеді. Бізге сіздердің қолдауларыңыз өте қажет. Спорт кешенің лық толғаны ойыншыларымызға қосымша күш береді. Ал «Қайратты» қазірден бастап фаворит санайтындар қатты қателеседі. УЕФА кубогына Еуропаның ең мықты төрт клубы таласайын деп отыр. Мәселен, «Спортингтің» құрамында әлемдік деңгейдегі ойыншылар жетерлік. Сондай-ақ, бұл командада Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі, баршамыздың сүйікті ойыншымыз Лео бар. Испанияның «Интері» де «сен тұр, мен атайын» дейтін саңлақтармен жасақталған. Құрамында әлемнің ең үздік ойыншысы Рикардинью ойнайды. Ресейдің «Газпром-Юграсын» да жақсы білесіздер. Өткен жылы УЕФА кубогын жеңіп алған осылар. Олардың ең басты қаруы – бас бапкері Кака, өте мықты маман. Сондықтан, осы командаларды жеңу үшін бізге жанкүйерлердің қолдаулары аса маңызды. Қазақстанда да футзалды жақсы көретінін бүкіл әлемге көрсетейік.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика