Вернуться к списку статей

«Оқжетпес» «Қайсардан» қарымын қайтарды

Футбол
1K
«Оқжетпес» – «Қайсар» – 3:1. Фото: okzhetpes.kz
«Оқжетпес» өз алаңында «Қайсарды» 3:1 есебімен ұтып, бірінші айналымдағы қарымын қайтарып, қоржынына өте маңызды үш ұпай салды.

Бұл ойында ХХІІ турдың бұған дейінгі барлық матчтары секілді бір минут үнсіздікпен Бауыржан Сәрсекеновті еске түсірумен, яғни тағзым етумен басталды. Содан кейін төрешінің ысқырығымен екі команда үшін де өте маңызды ойын басталып кетті.

Аса тартысты өткен кездесуде «Оқжетпес» клубы ойыншыларының жеңіске деген жігерлері басым болды. Бірінші айналымда «Қайсарға» есе жіберіп алған (0:1), сондай-ақ осыған дейін төрт рет қатарынан ұтылған Көкше клубы үшін шегінерге жол жоқ еді. Енді “шегінсе”, ұтылса дегеніміз ғой, келесі жылы Бірінші лигада доп тебеді...

Сондықтан алаң иелері ширақ қимылдады, жылдамырақ ойнады. Бірінші таймда екі гол соғып, алға шықты. Екінші таймда қонақтар бір гол соғып, есепті қысқартқан. Бірақ көп ұзамай, Көкше клубы тағы да қызылордалықтардың қорғанысын бұзып өтіп, есеп айырмасын қайтадан ұлғайтты.

Осы ойынға дейін Қазақстан премьер-лигасында өз қақпасына ең көп гол жіберген команда «Оқжетпес» болатын (35 доп). Тағы бір статистикалық дерек, Көкше клубы мен «Қайсар» ең аз гол соққан командалар еді. Екеуі де 21 ойында 16 доптан ғана соққан-ды. Былайша айтқанда, шабуыл шебі осал екі клуб өзара кездесті.

Бір қызығы, бұл ойында ең көп гол жіберген «Оқжетпестің» емес, «Қайсардың» қорғанысы сыр берді. Көш соңындағы команданың шабуылына төтеп бере алмады. Бірақ үш голды да Көкше клубының шабуылшылары емес, қорғаушысы мен жартылай қорғаушылары соқты.

Біріншісін еңгерзедей қорғаушысы бұрыштама соққысын кейін басымен енгізіп, қалған екеуін орталық шептегі ойыншылары алыстан соқты. Алайда, бұл ойында шабуыл өтінде ойнаған ардагер шабуылшысы, яғни Әлібек Бөлешевтің қосқан үлесі мен еңбегі зор болды.

Ал «Қайсардың» жартылай қорғаушылары алыстан бір-ақ рет «Оқжетпестің» қақпасына “доп жеткізді”. Шабуылшылары қақпаны дөп көздей алмады. Ал капитаны... өкінішке қарай, матч соңында, небәрі екі минуттың ішінде екі мәрте ескерту алып, алаңнан қуылды.

Сөйтіп, «Қайсар» ұтылды. Әрі алғашқы алтылықтан түсіп қалды. Түспей қайтсін, екінші айналымда екі-ақ рет жеңіске жетті. Үш ойынды тең аяқтап, алты рет жеңілістің кермек дәмін татты. Кім біледі, мүмкін енді үшінші айналымда маусым басындағыдай нәтижелі ойын үлгісін көрсетер...

«Оқжетпес» – «Қайсар» – 3:1

Голдар: Марочкин, 15 (1:0). Волков, 30 (2:0), Курьор, 68 (2:1). Козлов, 81 (3:1). 

Ескертулер: Жаңғылышбай, 32. Абдулин, 42. Гошкодеря, 88. Байжанов, 88.

Алаңнан қуылды: Байжанов, 90 (екінші ескерту)

«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Адырбеков, Фрейдгеймас, Абдулин, Марочкин (Куксин, 85), Волков, Юрин (Гогуа, 74), Досмағамбетов, (Дайыров, 77), Козлов, Гошкодеря, Бөлешев.

Қосалқы құрам: Әбжанов, Әбілғазы, Огунжими, Матвеев, Кейлер, Шафф.

«Қайсар»: Григоренко, Әмірсейітов, Граф, Ламанж, Евстигнеев, Нарзілдаев (Бойович, 46), Камара, Курьор, Аржанов (Джа Джедже, 64), Байжанов (к), Жаңғылышбай (Алтынбеков, 78).

Қосалқы құрам: Исламқұлов, Жақаев, Көкеев, Мулдаров, Сақалбаев, Чуреев.

Төрешілер: Кәрлібаев (Орал), Құсайынов (Астана), Журавлев (Павлодар).

30 шілде. Щучье, «Жақсы» СК. 300 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика