Вернуться к списку статей

«Тараз» түзде «Шахтерді» де тізе бүктірді

Футбол
1K
«Шахтер» – «Тараз» – 0:1. Фото: shahter.kz
ХХІІ тур Қарағандыда «Шахтер» мен «Тараз» арасындағы кездесумен басталып, аса тартысты өткен матчта қонақтар жеңіске жетті.

«Тараз» ХІХ турға дейін түзде жеңіске жетіп көрмеген болатын. Сырт алаңдағы алғашқы жеңісіне 8 маусым күні Жайық жағасында қол жеткізді. Содан бері үш ойын өткізді. Өз алаңында «Ақтөбемен» тең түсіп, Ақмола облысында «Оқжетпесті» жеңді. Ал бүгін Қарағандыда «Шахтерді» де шалып жықты.

Жалпы, «Тараз» шіліңгір шілдеде бес ойын өткізіп, ел чемпионы «Астанадан» ғана ұтылды. Соңғы төрт ойында бір рет тең түсіп, үш кездесуде жеңіске жетті. Бұл дегеніңіз – 10 ұпай! Әрі үшеуінде де түзде басты бәскелестерін тізе бүктірді. Басқаша айтқанда, бұлардың бәрі де “алты ұпай” үшін өткен ойындар болатын...

«Тараз» енді «бірінші лигаға түсіп қалмасақ етті» деп, көп уайымдамайтын болады десек те болар. Қауіпті аймақтан алыстай түсті. Ваит Талгаев өзінің білікті бапкер екендігін дәлелдеп жүр. Бұл шетелдік мамандарға иек артып алған кейбір клубтарымызға сабақ болса дейміз...

Негізі, «Шахтердің» де соңғы ойындардағы көрсеткіштері жаман емес еді. Кейінгі екі турда жеңіске жеткен. Әсіресе, өткен жолы «Ертісті» Ертіс жағасында “етпетінен” түсіріп, көпшілікті сүйсіндірген. Бірақ бүгін өз алаңында жеңілістің кермек дәмін татты.

Кеншілер клубы өз алаңында көп шабуылдады. Гол соғатын мүмкіндіктері аз болған жоқ. Бірақ соның бірде-бірін де сәтті аяқтай алмады. «Тараз» да қарап қалған жоқ. Қарсы шабуылдары өте қауіпті болды. Ең бастысы, санаулы мүмкіндіктерінің бірінде «Шахтердің» қорғаушыларын жаңылыстырып, қақпашысын қапы қалдырды.

«Шахтер» – «Тараз» – 0:1 (0:0)

Гол: Морис, 82.

Ескерту: Станоевич, 30.

«Шахтёр»: Шацкий, Габышев, Дмитренко, Хлебоун, Пикалкин, Сзоке, Станоевич (к), Валента, Зошак (Наджарян, 57), Стоянович (Тәттібаев, 84), Хижниченко.

Қосалқы құрам: Багинский, Өміртаев, Васильев, Әлімбаев, Ермеков, Скорых, Шахметов.

«Тараз»: Логиновский, Әмірханов (к), Шадманов, Шипицин, Воротников, Зайнутдинов (Қожамберді, 78), Диара (Миюшкович, 38), Горбанец, Фещук, Морис, Мане (Горячий, 90+3).

Қосалқы құрам: Бабаханов, Сейідахмет, Молтусинов, Нұралы, Хайруллин, Қарпық.

Төрешілер: Кумашев (Астана), Сүйінов (Павлодар), Навроцкий (Астана).

29 шілде. Қарағанды, «Шахтер». 4000 көрермен.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика