Вернуться к списку статей

Яцек Магера – Қазақтар алаңға шыққанда қонақжайлылықты ұмытады

Футбол
1K
Яцек Магера – Қазақтар алаңға шыққанда қонақжайлылықты ұмытады
«Астана» – «Легия» кездесуінің қарсаңындағы польшалық команданың бас бапкері Яцек Магера мен Михал Кухарчиктің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатына журналистер көп жиналғанымен сұхбат ұзаққа созылмады.

 Барлығы 15 минутқа созылған баспасөз мәслихатында «Легияның» бас бапкері биыл да Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуды көздейтіндіктерін айтты.

– Қазақстан бізді өте жылы шыраймен қарсы алды. Бірақ бұған таңғалып отырған жоқпыз. Өйткені, қонақжайлық сіздердің қандарыңызға сіңген қасиет. Дегенмен, алаңға шыққанда сіздер қонақжайлық дегенді ұмытасыздар. Сол жаман, - деп бастады Яцек Магера.

– «Астана» еурокубоктық ойындарда өз алаңында жеңілмегеніне үш жыл болды. Ертең де «Легияның» жеңе алмайтынына дайынсыз ба?

– Бұл жайлы естідік. Дегенмен, біздің басты мақсатымыз – «Астананы» өтіп, Чемпиондар лигасының келесі іріктеу кезеңіне шығу. Ал бздің текетірес бір матчтан тұрмайды.

– «Астана-Арена» стадионының жасанды алаңы Польша ұлттық құрамасына қиындықтар туғызған болатын. Ал сіздің футболшыларыңыз не дейді?

– Кәсіпқой футболшы кез келген алаңға дайын болуы тиіс. Шыны керек, соңғы кездері жасанды алаңда жаттығу жасамаған едік. Дегенмен, ойынның алдында алаңды тексеріп көретін мүмкіндік болады деп ойлаймын.

– Польша чемпионатының өткен турында «Легия» «Коронамен» тең ойнап қалды. Бұл футболшыларыңызға психологиялық тұрғыда қалай әсер етті?

– Әлбетте, біз «Коронаны» жеңуді көздедік. Бірақ матч біз ойлағандай болмады. Дегенмен, ертең ол ойынды ұмыту керек. «Астананы» жеңсек, жігіттердің көңіл күйлері көтеріліп қаларына сенімдімін.

– «Астана» сапында кімдерді атап өтер едіңіз?

– Ешбір ойыншысын білмейді екенмін. Бірақ Иван Маевскийді танимын. Польша чемпионатында доп тепкен ойыншы. Жалпы, біздің сарапшылар «Астананың» ойынын жілікке шағып, бәрін зерттеп берді. Өзім де ойындарын бейнетаспадан тамашалап, өз қорытындыма келген болатынмын. Енді осының барлығын футболшыларға жеткізуім қажет.

– «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов өз командасының «Легиядан» өту мүмкіндігін бес пайыз деп көрсетті. Ал сіздің пікіріңіз қандай?

– Меніңше, 50х50. «Астананың» бас бапкері сіздерге солай дегенімен өзінің ішкі ойы басқаша дейтініне сенімдімін. Мәселен, былтыр «Реалға» қарсы ойында біздің мүмкіндігіміз тіпті, бір-ақ пайыз болған. Бірақ, біз олардан ұпай алып қойдық қой. Сондықтан, бәрін жасыл алаң шешеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика