Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов "Легияға" қарсы шығатын құрамын айтып берді

Футбол
1K
Станимир Стойлов
Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінің аясындағы «Астана» – «Легия» кездесуінің қарсаңында елордалық клубтың бас бапкері Станимир Стойлов журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, ертеңгі ойынға дайындықтары туралы айтып берді.

– Станимир, өткенде «Спартакпен» болған ойыннан кейін «Легиядан» өту мүмкіндігіміз 5-ақ пайыз деп едіңіз. Қазір не айтасыз?

– Елу пайыз. Иә, қағаз жүзінде «Легия» фаворит болғанымен алаңға шыққанда бәрін футболшылар шешеді. Әрдайым фавориттер жеңе бермейді. Оның үстіне, текетірес екі кездесуден тұрады. Егер ертең жақсы ойнасақ, жауапты матчта оңайырақ болады. Әйтпесе, шыны керек, соңғы ойындардағы ойынымыз көңілімнен шығып жүрген жоқ. Футболшылар Чемпиондар лигасы мен Қазақстан чемпионатының айырмашылығын айыра білулері қажет. Ішкі түйсігім, поляктарды ұтамыз деп отыр.

– Бізге ертең маңыздысы не, қалай да гол жібермеу ме?

– Еуропа аренасына шыққымыз келсе, қай ойында болса да, гол жібермеуге тырысуымыз керек. Қақпамызға доп жібермеуді де, гол соғуды да көздейміз.

– «Легияны» фаворит деп отырсыз. Қай жағынан мықты олар?

– Олар еуропалық команда. Тәртіп бар, команда ретінде мықты.

– Марин Томасовты тіркеп үлгерді ме? Ертең ол алаңға шыға ала ма?

– Мұны өзім де білмеймін. Әлі тіркеп үлгерген жоқпыз. Шынын айтсам, мен оның командаға қосылуын сіздерден де артық күтіп жүрмін. Әлі күн аяқталған жоқ. Бүгін немесе ертең оны тіркеп үлгерсек жақсы болар еді.

– Жалпы, соңғы ойынмен салыстырғанда ертең «Астана» құрамында қандай да бір өзгерістер бола ма?

– Егер Томасовты тіркеп үлгерсек, басты өзгеріс сол болады. Ал қалғандары бұрыннан алаңға шығып жүрген жігіттер. Өздеріңіз білесіздер, мен көп өзгерістерді қаламаймын.

– Латвияның «Спартак» командасына қарсы ойында Ласло Клянсхайлер плеймейкердің қызметін атқарды. Одан кейін «Тобылмен» болған кездесуде қорғанысқа тірек болар шепте ойнады. Ертең оны қай қапталға қоясыз?

– Сіздер ертең алаңға шығатын ойыншылардың бәрін білгілеріңіз келіп тұр ғой. Ендеше айтайын. Шитов, Логвиненко, Шомко, Аничич, Маевский, Кляйнсхайслер, Мужиков, Твумаси, Кабананга, Деспотович – ертең алаңға шығатын ойыншылар осылар.

– Қақпашыны айтпадыңыз ғой.

– Қақпашы жайын әлі шеше алмай отырмын. Сіздерге де қажет емес деп ойлаймын. Ертең көрерміз.

– «Астана-Арена» стадионының синтетикалық алаңы ертең «Астанаға» қаншалықты көмек болуы мүмкін?

– Ешқандай да көмегі болмайды. Бұрынғы синтетикалық алаң кішкене жылдамырақ болатын. Доп тез домалайтын. Жаңасы аздап баялау. Ал біз жылдам ойынды жақсы көретінбіз.  

– "Легия" өз чемпионатында соңғы екі ойынын сәтсіз өткізді. Бұған не айтасыз?

– Польша чемпионатының деңгейі жоғары. Былтыр соңғы айналымда чемпиондыққа төрт команда таласқан. Сондықтан, ол жақта әр командадан қауіп бар. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика