Вернуться к списку статей

Кабананга Африка кубогында тағы бір гол соқты

Футбол
2K
Кабананга Кот-д'Ивуар құрамасының қақпасына да гол соқты. Фото: ladepeche.fr
«Астана» футбол клубының һәм Конго ДР құрамасының шабуылшысы Джуниор Кабананга ХХХІ Африка ұлттары кубогында тағы бір гол соқты.

Осыдан бірер минут бұрын «С» тобындағы азулы командалар, яғни Конго Демократиялық Республикасы мен Кот-д'Ивуар құрамалары арасындағы матч аяқталды. Тартысты өткен ойын 2:2 есебімен тәмамдалды.

Конго ДР құрамасының екі добы да Кабананганың арқасында соғылды. Джуниор матчтың 10-минутында ауттан лақтырылған допты Нескенс Кебаноның алдына салып берді. Ағылшынның «Фулхэм» клубында ойнайтын жартылай қорғаушы шірене теуіп, есеп ашты.

Алайда, кездесудің 26-минутында Кот-д'Ивуар құрамасы таразы басын теңестірді. Ойынға бұрыштан қосылған допты Бони басымен қақпаға тоғытты. Есепті теңесті. Бірақ ұзақ тұрмады.

Іле-шала, 28 минутта Конго ДР құрамасы қарсы шабуыл ұйымдастырып, Ндомбе Мубеле оң қанаттан алға ентелеп, допты қақпаға қарай әуелете тепті. “Қарауылсыз” қалған Кабананга биікке секіріп, басымен допты қақпа ішіне “қадады”. Тамаша гол!

Бірінші таймның негізгі уақытына қосылған минутта Кабананганың тағы бір гол соғатын мүмкіндігі болған. Кот-д'Ивуар қорғаушыларынан сытылып шығып, құстай ұшқанымен қақпашы жүгіріп шығып, қауіп бұлтын сейілтті.

Екінші таймда (67-минутта) Кот-д'Ивуар құрамасы есепті теңестірді. Конго ДР құрамасының қорғаушылары босаңсып, жайбарақат қимылдап, жаза басты. Ал Кабананга 79-минутта өз орнын Жонатан Болингиге босатты.

Конго Демократиялық Республикасы үшін тең ойын да жаман нәтиже емес сияқты. Олар қазір төрт ұпаймен «С» тобында көш бастап тұр. Келесі тур – 24 қаңтар күні. Кабананганың отандастары әзірше бір-ақ ұпай еншілеген Того құрамасымен кездеседі.

Иә, «Астананың» шабуылшысы әзірше жарап тұр. Бір қызығы, ол өз елінің ұлттық құрамасы сапында оң қанаттағы жартылай қорғаушы міндетін атқарып жүр. Әйтсе де, екі ойында екі гол соғып, Сенегал, Алжир және Габон футболшыларымен мергендер тізімінде алда келеді.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика