Вернуться к списку статей

Марек Зуб – "Астананың" ойыншыларын сатып алуға ақшамыз жетеді, лайықтысы бар болса

Футбол
1K
Марек Зуб –
Ертең Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында елордамыздың «Астанасы» Латвия чемпионы «Спартакты» қабылдайды. «Астана Аренадағы» матчтың қарсаңында қонақтардың бас бапкері поляк Марек Зуб баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

– Біріншіден, жеребе бойынша «Астанамен» кездесетінімізге қуаныштымын. Біз үшін таңсық команда. Бірінші ойында өз алаңымызда 0:1 есебімен жеңіліп қалғанымызға қарамастан келесі кезеңге шығатын мүмкіндігіміз мол. Өйткені, футболда бәрі де мүмкін. Матч басында гол соғып алып, қақпамызды берік ұстауға тырысамыз. 90 минут бойы қорғанысқа жатып алмаймыз. Алаң иелерінің өзін састыратындай ойын көрсетеміз. Тек көрермендердің аз болатыны көңілді қынжылтады. 10 мың көрермен келеді дегенді естіп жатырмын. Чемпиондар лигасы үшін бұл аз. Әлбетте, біз «Атлетико Мадрид» емеспіз. Бірақ, біз Латвия чемпионымыз. Ертең опық жеп қалуларыңыз ғажап емес.

– Сіздің Беларуссияның «Шахтеріне» кететінің жайлы жиі жазылып жүр. Солигорскінің командасына бас бапкер болып баратыныңыз рас па?

– Бұл ұзақ әңгімені қажет ететін сұрақ. Футболда бәрі табан астынан өзгеріп жатады. Бір клубта ұзақ уақыт болуың мүмкін емес. Әрине, бір жерде ұзақ отырып, сол команданы биікке көтеруді ойлайсың. Бірақ, кейде тез шешім қабылдауға тура келетін кездер де болады. Қазір мен «Спартактың» бас бапкерімін. Дегенмен, болашағымды «Шахтер Солигорскімен» байланыстыруды жөн көрдім.

– Дәл осы сұрақ. Бірақ сәл басқаша. Бұл сіздің «Спартактың» бас бапкері ретіндегі соңғы матчыңыз ба?

– Былай жауап берейін, «Шахтер Солигорскінің» басшыларымен «Спартакпен» бірге Варшаваға барып, «Легияға» қарсы ойнаймын деп келіскенмін. Сондықтан, соңғы матчым болмайды деп үміттенемін.

– Маусымның маңызды кезеңінде команданы тастап кетіп бара жатқаныңызды сатқындық деп есептемейсіз бе?

– Жағдай өте қиын. Мен үшін де, команда үшін де. Мұның барлығын жақсы түсінемін. Бірақ спорт бір орында тұрмайды. «Шахтер» секілді команда шақырып жатса, мұндай ұсыныстан бас тартуға болмайды. Өсу керек. Менің жағдайымды футболшылар да, басшылық та жақсы түсінеді.

– Бірінші ойынның алдында сіз «Астана» сапынан Маевский мен Твумасиді атап өткен едіңіз. Ойыннан кейін кімдер ұнады?

– Біз Твумаси, Кабанангалардың қабілеттерін жақсы білеміз. Өте қауіпті шабуылшылар. Өз мүмкіндіктерін құр жібермейді. Дегенмен, біздің Юрмаладағы ойында гол соға алмауымызға сіздердің орталық жартылай қорғаушыларыңыз көп кедергі келтірді. Әсіресе, жаңадан келген ойыншыларыңыз Ласло Кляйнсхайлерге таңғалдым. Рас, оның тәжірибелі, шебер ойыншы екені белгілі ғой. Бірақ, бірден «Астанаға» сіңісіп кетеді деп ойламаған едім. Бізді біраз тығырыққа тіреді.

– Қазақстандық жанкүйерлер Юрмаладағы ойында «Астанадан» бұдан да ірі жеңіс күткен. Ал 0:1 есебі көңілден шыға ма?

– 0:0 болғанда тіптен қатып кетер еді. Алайда, 0:1 есебі де жаман емес. Мүмкіндік бар. Кейін естіп жатырмын, Юрмаладағы алаңның суғарылмағаны «Астананың» жылдам ойнауына кедергі болыпты. Ертеңгі ойынның алдында стадион қызметкерлері «Астана Арена» алаңын суғаратыны белгілі. Ойын жылдамырақ өрбуі тиіс. Бұл тек алаң иелеріне ғана емес, бізге де жақсы. Өйткені, мұндай алаңда қай команда болса да, гол соғып кетуі мүмкін.

– Бірінші ойынмен салыстырғанда ертең командаңызда қандай да бір өзгерістер бола ма?

– Сіз «Астананың» жаттықтырушысы емессіз бе? Журналист? Жоқ, сонда да айтпаймын. Бұл құпия болып қалсын.

– Қазақстанға бірінші рет келіп тұрған боларсыз. Астана ұнап жатыр ма?

– Қазақстан туралы көп зерттегенмін. Осында біраз жыл тұрған досым бар. Жиі хат алысып тұрамыз. Сол маған біраз мағлұмат берді. Қаланы әлі аралап көрмедім. Терезеден елорданың әсемдігіне тамсанумен ғана болдым. Ертеңгі ойынның алдында аз-кем серуендеп қайтуды жоспарлап отырмын. Бәлкім, Экспо қалашығын да көру бақыты бұйыратын шығар. Астана туралы әсерімді содан кейін айтайын.

– Осы текетірестің жеңімпазы келесі кезеңде Польшаның «Легиясымен» кездесуі мүмкін. Осы туралы не айтасыз?

– Жеребе бізге жолдас болды. Келесі кезеңде «Легиямен» ойнау үшін Варшаваға барып қайтамыз, бұйыртса.

– Беларуссяның «Шахтеріне» кетіп барасыз. «Спартактан» өзіңізбен бірге қандай да бір ойыншыларды алып кетесіз бе?

– Алып кетуім мүмкін. Жоққа шығармаймын. «Астананың» бірқатар ойыншыларына құда түссем деймін.

– «Астананың» ойыншыларына ақшаңыз жетпейді.

– Жетеді. Тек сол ақшаға лайықты ойыншыларыңыз болса жетіп жатыр. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика