Вернуться к списку статей

«Астана» «Қайсарды» ұтып, қара үзді

Футбол
1K
«Астана» – «Қайсар» – 2:0. Фото: fca.kz
Қазақстан премьер-лигасында ХІХ тур бүгін елордада басталып, «Астана» «Қайсарды» ұтып, екінші орындағы «Қайраттан» сегіз ұпай ұзап кетті.

Соңғы бес турда жеңіске жете алмай қойған «Қайсар» бүгінгі ойында құрамына біршама өзгеріс енгізіпті. Негізгі құрамда жасыл алаңға Көкеев, Мулдаров, Жақаев сынды ойыншылары шығып, Аржанов, Ламанж, Евстигнеев секілді футболшылары қосалқы құрам орындығында отырды.

Алайда «Астана» бірінші таймда қонақтарын «негізінен допсыз сенделтті» деуге болады. Аяқтарына доп тигізбей, әрлі-берлі зыр қаққызды. Бірақ бір-ақ гол соқты. Екінші таймда «Қайсар» тайталасып бақты. Тіпті қауіпті шабуылдар да ұйымдастырды.

«Астана» ойынның екінші жартысында да бір гол соқты. Ал енді бір голды төрешілер есепке алмады. Сонымен қатар, екінші таймда «Астана» ойыншылары екі-үш рет бас қазының пенальти бермеген шешіміне наразы болып, қынжылыс білдірді. Өйткені екеуінде қорғашылар алаң иелерін шалып жыққандай болса, бір рет доп қонақтардың бірінің қолына тиген еді...  

Жалпы, алаң иелері екінші таймда бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберіп қойып, есепті ұлғайта алмады. Әрі «Қайсардың» қақпашысы Александр Григоренко да астаналықтардың бірнеше пәрменді соққыларды тойтарып, өз командасының ірі есеппен ұтылуына жол бермеді.

Осылай, «Астана» көп мүмкіндіктерінің екеуін ғана сәтті аяқтап, жеңіске жетті. Бұл – ел чемпионының 15-інші жеңісі. Ал «Қайсар» соңғы алты турда төртінші рет жеңілістің кермек дәмін татып отыр. Енді алтыншы орыннан да айырылып қалулары мүмкін...

«Астана» – «Қайсар» – 2:0 (1:0)

Голдар: Твумаси, 14. Логвиненко, 70.

Ескертулер: Мулдаров, 68.

«Астана»: Мокин, Бейсебеков, Аничич, Логвиненко, Шомко (к), Маевский, Кляйнхайслер (Деспотович, 74), Мұжықов, Муртазаев (Граховац, 67), Твумаси, Кабананга.

Қосалқы құрам: Эрич, Шитов, Жақыпбаев, Прокопенко, Жалмұқан, Постников, Сағынаев.

«Қайсар»: Григоренко, Әмірсейітов (Чуреев, 85), Граф, Мулдаров, Жақаев, Нарзилдаев, Камара, Курьор, Байжанов (к), Көкеев (Сақалбаев, 69), Бойович (Алтынбеков, 58).

Қосалқы құрам: Исламқұлов, Аржанов, Ламанж, Евстигнеев, Коробкин, Балтаев.

Төрешілер: Алешин (Павлодар), Орынбаев (Шымкент), Жаспенов (Алматы).

06 шілде. Астана, «Астана Арена» стадионы. 7000 көрермен.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика