Маусым айының соңында «Қайрат» (Алматы) футзал клубының жаттықтырушысы (бас бапкердің, яғни Какаудың көмекшісі) және Қазақстан құрамасының бас бапкері Жозе Алесио Да Силваның Әзірбайжанға кеткені мәлім болды. Мұны ең әуелі Қарт Каспийдің арғы жағындағы елдің басылымдары жариялады.
Бүгін «Қайрат» футзал клубының ресми сайты Жозе Алесиомен еңбек қатынасын екеуара келісім бойынша бұзғандарын жариялады. Әрі Бразилия маманының Әзірбайжан құрамасы мен «Араз» клубына ауысқандығын жазды. Ал Қазақстан футбол федерациясы әлі үнсіз...
Қалай десек те, Алесионың Әзірбайжанға кеткені – анық. 15 шілдеден бастап көрші елде өз жұмысын бастайды екен. Әрі azerisport.com сайтына бероен сұхбатында Какаудың көмекшісі болып жүре бермей, бас бапкер болғысы келгендігін де тілге тиек еткен.
Сөйтіп, Алесио қайтадан Әзірбайжанға кетіп отыр. Әрі оған өзі дін-риза көрінеді. Естеріңізге сала кетейік, ол 2007-2008 жылдары Алматының «Қайратында жұмыс жасап, 2008-2009 жылдары «Араз» (Нахичевань) клубын жаттықтырған. Ал 2009-2014 жылдары Әзірбайжан құрамасының бас бапкері болған.
Одан кейін Қазақстанға оралып, 2014 жылдың қазан айынан бері «Қайрат» футзал клубында Какаудың көмекшісі болды. Биыл, яғни 2017 жылдың қаңтар айында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып бекітілген. Енді қайтадан Әзірбайжанға кетті...