Вернуться к списку статей

“Астана” “Тараздың” қақпасына бір-ақ гол соқты

Футбол
1K
«Тараз» – «Астана» – 0:1. Фото: fca.kz
«Астана» ХVІІІ турда, түзде «Таразбен» кездесіп, кезекті жеңісіне қол жеткізіп, өкшесін басқан «Қайраттан» ұзай түсті.

«Астана» 90 минут бойы «Тараздың» қақпасын торуылдап, бір-ақ гол соқты. Ойын басталған бетте-ақ қонақтар алаң иелерін тықсырып, шабуылды үдетті. Бірақ айып алаңына жеткенде немесе ішіне кіргенде кібіртіктеп, гол соға алмай пұшайман болды. Соңғы пас, соңғы соққы жетіспеді.

Рас, баз-базында «Астананың» тәжірибелі шабуылшылары «Тараздың» қақпасын алыстан да нысанаға алып көрді. Бірақ бұл ойын қақпашы Джурахон Бабахановтың айдарынна жел ескен матч болды. Ол бұл ойында өзінің бар шеберлігі мен қабілетін паш етті...

Бабаханов теңбіл доп әуелей ұшса да, көгал бетімен зуласа да, бәрін тойтарып, «Астана» футболшыларын діңкелетті. Қақпашы ғана емес, Талгаевтың жас таланттары мен «Тараздың» басқа да ойыншылары жанкештілік танытты. Олар табан тіресе додаға түсіп, қонақтарының шабуылдарына тойтарудан шаршаған жоқ.

Алайда, 67-минутта «Астана» өз дегеніне жетіп тынды. Оң қанаттан Мужиков допты әуелете теуіп, қақпа алдына асырды. Ал Кабананга бәрінен биік секіріп, ауада бір сәт “қалқып” тұрды да, басымен қақпа бұрышын дәл көздеді. Допты бар пәрменімен серпіле ұрды.

Сөйтіп, Джуниор Кабананга Қазақстан премьер-лигасының сұрмергендер тізімінде «Қайраттың» бесаспап шабуылшысы Жерар Гоуды қуып жетті. Қазір екеуінің де еншісінде – 14 голдан. Әрі екеуі де нәтижелі үш пас берген. Бірақ Кабананга осы голдарының біреуін пенальтиден соқты...  

«Астана» бұдан кейін де гол соғуға тырысты. Бірақ «Тараздың» қорғанысын бұзу оңай еместігін білді. Сондықтан, ендігі басты мақсат өздері доп жіберіп алмау екенін түсініп, соған айрықша көңіл бөлді. 1:0 болса да, жеңістің аты – жеңіс. Үш ұпай олжалады.

«Тараз» – «Астана» – 0:1 (0:0)

Гол: Кабананга, 67.

Ескерту: Постников, 40.

«Тараз»: Бабаханов, Әмірханов (к), Шипицин, Миюшкович, Шадманов, Горбанец, Диара, Зайнутдинов (Таубай, 70), Фещук, Қожамберді (Сейідахмет, 58), Морис (Байжанов, 80).

Қосалқы құрам: Логиновский, Эргашев, Кан, Молтусинов, Нұралы, Қарпық.

«Астана»: Мокин, Шитов, Логвиненко, Постников, Шомко (к), Маевский, Граховац (Бейсебеков, 85), Мұжықов, Твумаси (Жалмұқан, 90), Деспотович (Муртазаев, 67), Кабананга.

Қосалқы құрам: Эрич.

Төрешілер: Атажанов (Шымкент), Тергеусізов (Алматы), Жаппасбаев (Қызылорда).

1 шілде. Тараз, «Орталық» стадион. 6500 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика