Вернуться к списку статей

“Оқжетпес” пен “Атырау” – Көкше клубының жеңіске жетуіне не ықпал етті?

Футбол
1K
«Оқжетпес» – «Атырау» – 1:0. Фото: okzhetpes.kz
«Оқжетпес» өз алаңында маусым барысында екпін алған «Атырауды» қабылдап, айласын асырды.

Биылғы маусым барысында екі команданың да бас бапкері ауысқан. Әрі тізгінін ұстаған мамандар ауысқалы екеуі де нәтижелі ойын өрнегін көрсете бастаған. Екеуінің де бас жаттықтырушылары өздерінің тактикалық тұрғыда білікті екендерін дәлелдей білген-ді.

Міне, бүгін осы екі маман жаттықтыратын командалар кездесті. «Оқжетпес» те, «Атырау» да бір-біріне дес бермеді. Бірақ алаң иелерінің бағы жанды. Көкше клубының футболшылары аз мүмкіндіктің ең оңтайлысын мүлт жіберген жоқ...

Көпті көрген Козлов қақпашымен бетпе-бет шығып, гол соқты. Бірақ бұл гол офсайдтан соғылған сияқты болып көрінді де. Өкінішке қарай, pflk.kz трансляциясында Волков пас берген сәтте шабуылшының қай жерде, қалай тұрғандығын анық байқау мүмкін болмады...  

Әрине, «Атырау» таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ гол соғудың сәті түспей қойды. Мұндай ойында көп гол соғу мүмкін емес, мұны алаң иелері жақсы біледі. Сондықтан өз қақпаларына гол жіберіп алмауды ойлап, бар күш-жігерлерін қорғанысқа жұиылдырды.

Матчтан кейін «Оқжетпес» клубының бас бапкері Виктор Пасулько «қарсыласымызға қарағанда, біздің жеңіске деген жігеріміз басым болып шықты, мен команданы қабылдап алғалы, бұл біздің ең үздік ойынымыз болды», – деді.

Ал «Атыраудың» бас бапкері Сергей Павлов «жеңіліске ұшырайтындай ойын өрнегін көрсеткен жоқпыз, менің ойымша бүгінгі ойынның нәтижесіне әсер еткен ықпалдар (факторлар) бар, ал олар жайлы мен айтпаймын», – деп қысқа қайырды...

«Оқжетпес» – «Атырау» – 1:0

Гол: Козлов, 55.

Ескертулер: Мәжитов, 6. Недашковский, 85.

«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Абдулин, Фрейдгеймас, Марочкин, Недашковский, Волков, Досмағамбетов, Козлов (Шафф, 81), Федин (Гогуа, 75), Юрин, Огунжими (Адырбеков, 64).

Қосалқы құрам: Әбжанов, Куксин, Дайыров, Цой, Кейлер, Бөлешев.

«Атырау»: Пасеченко, Мәжитов, Обшивач, Аблитаров, Джокич, Максимович, Абдрахманов, Сергиенко (Қалмұратов 58), Сүлей (Сикимич, 46), Хайруллин (к), Двалишвили (Саломов, 62).

Қосалқы құрам: Нарзикулов, Қайыраллиев, Коробов, Маров, Сапаров, Хәлелов.

Төрешілер: Абдуллаев (Қаратау), Тасыбаев (Павлодар), Навроцкий (Астана).

1 шілде. Щучье, «Жақсы» стадионы. 300 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика