Вернуться к списку статей

“Шахтер” түзде “Ақтөбені” де жеңіп кетті

Футбол
1K
«Ақтөбе» – «Шахтер» – 0:1. Фото: fc-aktobe.kz
Бүгін VІІІ турдың кейінге шегерілген екі ойынының біреуі өтіп, «Ақтөбе» өз алаңында «Шахтерге» есе жіберіп алды.

Бұл ойын терезесі тең дәрежеде өтті. Қауіпті сәттер аса көп бола қойған жоқ. Екі команданың деңгейі – бір-бірімен шамалас. Әрі голды да көп соғатын ұжымдар емес. Сондықтан, уақыт өткен сайын бұл матчтың тағдырын бір ғана қателік, бір ғана гол шешетіндігі сезіліп тұрғандай болды десек, асыра сілтегендігіміз бола қоймас.

Алайда «Шахтердің» бас бапкері қисынын тауып кетті. Саулюс Ширмялис шабуылшысын алмастырып, алаңға Айдос Тәттібаевті шығарды. Жолы жеңіл жігіт командасын жеңіске жетелей білді. Шыға салып, атойлап алға шапты. Қауіп бұлтын төндіре түсті. Қақпашымен бетпе-бет шықты да...

Сөйтіп «Ақтөбе» қорғаушыларының “екі аяқтарын бір етікке (бәлкім, бутсыға) тығып”, үрейлерін ала түсті. Содан... Матчтың соңғы минутында допты қабылдап алып, оны ырқына көндірмек болған Тәттібаевты қорғаушылардың бірі тартып құлатқандай болды...

Оларға жақын тұрған төреші ойланбастан пенальти берді. Ал 11-метрлік айып добын Милан Стоянович мүлтіксіз орындады. Әрине, бұдан кейін «Ақтөбе» тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Бірақ олардың есепті теңестірген гөрі, қонақтардың тағы бір гол соғып кететін мүмкіндігі басым болды...

Сонымен бұл ойын кеншілер клубының жеңісімен аяқталды. Бұл – соңғы үш турдағы «Шахтердің» үшінші жеңісі. «Атырауды» Теміртауда тізе бүктіргеннен кейін, «Тобылды» Қостанайда тақырға отырғызып кеткен. Енді, міне, түзде «Ақтөбеден» де айласын асырып отыр...

Соңғы ойындарда Станоевич пен Стоянович алма-кезек гол соғып, дикторларға “жаңылпаш” айтқыза бастады. Тәттібаев та бұл екеуінен қалар емес. Өткен турдағы Марат Шахметовтің әдемі голын есепке алмағанда, Х турдан бері гол соғып жүрген – осы үшеуі.

Ресми түрде «Шахтердің» тізгінін қолына алғанына санаулы күндер болған Саулюс Ширмялис үш күннің ішінде екінші рет жеңіс кілтін тапты. Әрі екі ойында да сырт алаңда жеңіске жетіп, үш ұпайдан олжалады.          

Ал «Ақтөбе» ше? Қызыл-ала жейделілер бесінші рет қатарынан ұтылып отыр. Бір айдан асты, жеңілістен көз ашар емес. Үй демей, түз демей ұтылып жүр. Әрі көш соңында қалып қойды. Бәсекелестері ұзап барады....

«Ақтөбе» – «Шахтер» – 0:1 (0:0)

Гол: Стоянович, 90-пенальтиден.

Ескертулер: Тарасов, 8. Розыбакиев, 39. Скорых, 55. Сзоке, 66. Тәттібаев, 90+6.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Жүнісов (Кәкімов, 61), Жұмағали, Айтбаев, Розыбакиев (Аслан, 83), Барбоса, Нейн Еоне, Шестаков, Сәулет, Байтана (Альмейда, 59), Зенькович.

Қосалқы құрам: Отарбаев, Бойчук, Тотай.

«Шахтёр»: Шацкий, Габышев, Тарасов (к), Дмитренко, Айегбуси, Сзоке, Стоянович, Зошак (Пикалкин, 90+8), Станоевич, Шахметов (Скорых, 46), Хижниченко (Тәттібаев, 59.).

Қосалқы құрам: Багинский, Өміртаев, Васильев, Ермеков, Тәжімбетов, Әлімбаев.

Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Бейжанов (Петропавл), Бельский (Тараз).

28 маусым. Ақтөбе, «Орталық» стадион. 6 600 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика