Вернуться к списку статей

Тетрадземен “тайғақ” кешкен “Тобылды” “Шахтер” тақырға отырғызды

Футбол
1K
«Тобыл» – «Шахтер» – 1:2. Фото: fctobol.kz
«Тобыл» өз алаңында көш соңындағы командалардың бірінен, атап айтқанда, Қарағандының «Шахтерінен» ұтылып қалды.

«Тобыл» ХІІІ турдан бері жеңіс дегеннің не екенін ұмытты. Әуелі түзде «Тараздан» 0:1 есебімен ұтылды. Одан кейін өз алаңында «Қайсармен» ұпай бөлісті (0:0). Өткен турда, Алматыда «Қайратқа» 0:2 есебімен есе жіберіп алды.

Мұның бәрі ештеңе емес екен. Бүгін өз алаңында көш соңындағы командалардың бірінен ұтылып қалып, жанкүйерлерін жерге қаратты. Былтырдан бері команданың бетке ұстар тұлғаларына айналған бірнеше футболшыны «керексіз» қылды...

Бір қызығы, биыл «Тобылдың» дәл осы «Шахтер» клубына азуы батпай қойды. Тіпті есесі кетіп, еңсесі түсті. Әуелі Қазақстан кубогының 1/8 финалында кездесіп, өз алаңында 1:2 есебімен ұтылып қалған (19 сәуірде). Сөйтіп ел кубогы додасынан тым ерте шығып қалды...

Бірінші айналымда «Шахтер» мен «Тобыл» Теміртауда кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. Бірақ екі голды да қарағандылықтар соқты. Сергей Скорых абайсызда өз қақпасына гол соғып алып, Қостанай клубы бір ұпай олжалап қайтқан.

Бүгін «Тобыл» өз алаңында кеншілер клубынан тағы да 1:2 есебімен ұтылды. Бірінші болып есеп ашқанымен, құйындай орап соққан қонақтарына төтеп бере алмай қалды. Бұл ойындағы үш гол да өте әдемі соғылды. Бір-бірінен өтеді...

Айтпақшы, Қарағандыға қайта оралған Сергей Хижниченко «Тобылдың» қақпасына екі гол соққан. Бірақ екеуі де офсайдтан соғылып, төреші екеуін де есепке алмады. Әйтпесе, алаң иелері ірі есеппен ұтылып қалар да еді.

Омари Тетрадзе ойыннан кейінгі баспасөз жиынына бармапты. Қалай барады? Журналистер алдында не дейді?! Көмекшісі Александр Беляковті жіберіпті. Ал «Тобылдың» жанкүйерлерінің Тетрадзеге деген сенімдері шегіне жеткен сияқты. Басшылары қанша уақыт шыдайды екен?!      

«Шахтер» болса, өзіне ауадай қажет үш ұпайға қол жеткізді. Саулюс Ширмялистің кеншілер клубындағы алғашқы ойыны өте сәтті аяқталды. Кім біледі, бәлкім Литва маманы Қарағанды клубын көсегесін көгертер...

«Тобыл» – «Шахтер» – 1:2 (1:1)

Голдар: Сартаков, 27 (1:0). Стоянович, 33 (1:1). Шахметов, 80 (1:2).

Ескертулер: Шахметов, 26. Мирошниченко, 43. Сзоке, 43. Жаңғылышбай, 87.

«Тобыл»: Непогодов, Сартаков, Кассай, Малый, Мирошниченко, Жулпа, Мухутдинов (к) (Жаңғылышбай, 72), Квеквескири, Вух (Джалилов, 78), Молдақараев, Щеткин.

Қосалқы құрам: Бұсұрманов, Павлов, Савич, Шұбаев, Гурман, Жақыпов, Жарынбетов.

«Шахтёр»: Шацкий, Габышев, Скорых, Тарасов (к), Айегбуси, Сзоке, Стоянович, Зошак (Пикалкин, 90+3), Станоевич, Шахметов, Хижниченко (Тәжімбетов, 67).

Қосалқы құрам: Багинский, Өміртаев, Васильев, Ермеков, Тәттібаев, Әлімбаев.

Төрешілер: Сахи (Қызылорда), Полуэктов (Тараз), Виноградов (Петропавл).

25 маусым. Затобол қонысы. «Затоболец» стадион. 2000 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика