Вернуться к списку статей

Жастардың бағын байлаудан әлемде үшінші орындамыз

Футбол
2K
Жастар артта... қосалқы құрам орындығында отыр. Фото: fca.kz
Кеше кешкісін Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты өздерінің Бас менеджері Игорь Утробиннің орыс тіліндегі сұхбатын жариялады. Қазақшасы әлі жоқ...

ҚФФ Бас менеджері Игорь Утробин бұл мақалада өте қызықты және маңызды мәселелерді “жіліктеп” шығыпты. Міне, бір тәуліктен асты, сұхбаттың қазақша мәтіні шықпағандықтан, өзіміз аса қызықты деректерін аударып бергенді жөн көрдік.

Болашағымыз – жас таланттар

Игорь Утробин Санкт-Петербургте өтіп жатқан Гранаткин мемориалындағы Қазақстан U-18 құрамасының нәтижелі ойындары мен тұңғыш рет жартылай финалға шыққан ерен жетістіктеріне тоқталып өткен. Содан соң әріден бастаған.

2012 жылы Қазақстан футбол федерациясының сол кездегі президенті Әділбек Жақсыбековтің жетекшілік етуімен балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту қолға алынғандығын атап өткен. Енді жаңа басшылық бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отырған көрінеді.

Мәселен, Нева жағалауындағы жасөспірімдер құрамасы сапында әлі 17-ге толмаған жеткіншектеріміздің де доп теуіп жүргендігін тілге тиек еткен. Бапкерлер құрамы мен ҚФФ басшылары құрама сапын жасартуға ден қойғандығын да айрықша атап өткен.

Бас менеджердің сөзіне сенсек, енді ұлттық құрама сапына жас футболшылар тарту мәселесі де қолға алынады екен. Бұл ретте ҚФФ сараптау тобының әлем футболындағы тәжірибелерді ескере отырып жүргізген талдауларына тоқтала кетіп, бірнеше мысалдар келтірген.

Жастарымыздың жасыл алаңда өткізген уақыттары – 1%

Мәселен, былтыр премьер-лига додасында еліміздің жастар арасындағы құрамасының сапында ойнай алатын 23 футболшы алаңға шыққан (1996 жылғы 1 қаңтардан кейін туған жігіттер). Бірақ олардың алтауы бір таймды толық өткізбеген, ал екеуі 1-2 минут қана ойнаған...

Сайып келгенде, еліміздің жас футболшылары өткен маусымда 4140 минут қана жасыл алаңда өнер көрсеткен. Бұл премьер-лигадағы жалпы ойын уақытының 1%-ы ғана екен. Көп пе, аз ба? Әрине, көп емес. ҚФФ сараптамалық тобы мұны әрі қарай зерттеген.

Бұл көрсеткіш бойынша, бүкіл әлем футболын есепке алғанда, біз көш соңында қалған бес елдің бірі екенбіз. Ал көш басында – Голландияның екінші лигасы (21,7%). Осы елдің жоғарғы тобындағы жас футболшылардың ойын уақыттары – 13%.

2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде біздің ұлттық құрамамен бір топта ойнайтын елдердің де көрсеткіштері жоғары көрінеді. Атап айтқанда, Польшада – 12,4%, Данияда – 8,4%.

Жалпы, бұл көрсеткіш бойынша, әлемде бізден төмен орналасқан, яғни жастарға сенім артпайтын екі-ақ ел бар екен. Олар – Сауд Аравбиясы (0,2%) және Қытай (0,6%).

Чемпиондар лигасы да Қазақстан чемпионатынан “жеңіл” болып тұр

Жалпы жағдайды көз алдарыңызға елестету үшін, мына бір дерекке де тоқтала кетуге болады. Еуропадағы жас футболшылардың УЕФА Чемпиондар лигасында өткізген ойын уақыттары – 6,15%.

Біздің премьер-лигамен салыстырғанда – алты есе көп! Ал біздің жастарымызға өз елімізде жасыл алаңға шығу қиямет-қайым болып тұр. Тіпті бәсеке көрігі өте жоғары Чемпиондар лигасында да жастарға мүмкіндік көп беріледі...


ҚФФ Бас менеджері Игорь Утробин. Фото: kff.kz

Гол соғудан жастарымыз легионерлерден де асып тұр

Ал 1% ойын уақыты деген қанша минут? Бұл – әрбір команда бір ойында жас футболшысына тек 10 минут қана мүмкіндік береді деген сөз. Енді мына бір мәліметке көңіл аударайық:

Жастарымыз жалпы ойын уақытының 1%-ын ғана алаңда өткізіп, барлық голдардың 1,6%-ын соққан. Яғни жас футболшыларымыз әрбір 517 минут сайын бір гол соғып отырған. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, біздегі жас футболшылардың басым көпшілігі қос қапталда қорғаушы немесе жартылай қорғаушы болып ойнайды.

Ал “үлде мен бүлдеге орап” жүрген легионерлеріміздің Қазақстан чемпионатында өткізген жалпы ойын уақыттары – 47,4%. Ал соққан голдары – барлық доптардың 50,1%-ы. Бірақ олар әрбір 754 минут сайын бір гол соғып отырған! Сонда жас футболшыларымыз көрсеткіштері тиімді ме, әлде легионерлеріміздің көрсеткіштері жоғары ма? Әрине, жастарымыздың!

InStat индекстері алдамайды

Қазақстан футбол федерациясының Бас менеджері жастардың премьер-лигада соққан голдарымен ғана шектелмей, беделді InStat компаниясының статистикалық деректерін де көлденең тартқан.

Бұл компания – ұлттық федерацияның серіктесі. Әрбір ойыншының, команданың барлық статистикалық дәйек-деректерін тізіп отырады. Футболшылардың ойын сапасы индекс деген ұғыммен жүргізіледі (“өлшенеді”).

Ал индекс – 300-ден астам көрсеткіштердің жиынтығы (допқа таласу және тартып алу, ойынға араласу, алдап өту, допты қиып алу, қақшып кету, пас беру...). Әлемдегі 900-ден аса команда осы статистикалық талдауға жүгінеді.      

Сонымен, әлемдегі 66 лиганың жас ойыншылары мен тәжірибелі футболшыларының айырмашылығы таразыға тартылып, егжей-тегжей талданған. Сонда әлемдегі жас ойыншылардың индексі – 199, тәжірибелі футболшылардың индексі – 209. Айырмасы – 5 пайыз ғана.

Ал Қазақстандағы жас ойыншылардың индексі – 166,5, тәжірибелі футболшылардың индексі – 176,5. Бізде де айырмасы – 5%.      

Игорь Утробин бұл тұрғыда Францияда өткен Еуропа чемпионатын да мысалға келтірген. Қысқасы, біздің жастарымыздың футболы озық өзге елдердің жас таланттарынан қалып қоймағандарын, тіпті солармен деңгейлес екендерін дәлелдеуге тырысқан.

Түйін

Тоқетері, жоғарыда өзіміз айтып кеткен, сараптама-талдау жүргізілген әлемнің 66 мемлекетінің ішінде, жастардың бағын байлаудан үшінші орында екенбіз. Ал жастарымыздың тиімділігі жағынан үздік ондыққа кіреміз!

Ауызекі тілмен айтқанда, жас футболшыларымыздың әлеуеттері зор болса да, оларға мүмкіндік бермейміз, алаңға көп шығармаймыз. Сенгеніміз – шеберліктері шау тарта бастаған легионерлер мен өзіміздің ардагерлеріміз. Неге екенін, бізге солар “пайдалы” болып тұрған сияқты...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика