Вернуться к списку статей

“Тараз” “Ертісті” есеңгіретті – Еркебұлан Сейідахметтің алғашқы голы

Футбол
1K
«Тараз» өз алаңында түзде тәп-тәуір ойнайтын «Ертісті» етпетінен түсірді. Ал Еркебұлан Сейідахмет премьер-лигадағы алғашқы голын соқты.

«Ертіс» бұл ойында өзіне-өзі ұқсамады. Түзде «Тараздың» жас талантарына төтеп бере алмады. Бірінші таймда екі гол жіберіп алды. Ал екінші таймда таразы басын теңестірмек түгілі, тым болмаса, бір гол соға алмай қойды.

Өздеріңіз білесіздер, жазғы трансфер кезеңі басталған бетте «Ертіс» орталық қорғаушыларынан айырылып қалған. Лаша Двали мен Евгений Ткачук өткен маусымдағы еліміздің қола жүлдегерінің тасқамал қорғаушыларына айналған еді. Бірақ екеуі де кетті...

Осындай әлеуеттері зор, алар асулары алда, сенімді қорғаушыларынан айырылып қалған «Ертіс» Таразда қорғанысы сыр берді. Жаңадан алған, Сербиядан келген қорғаушысы біздің елдің додасына әлі бейімделіп үлгермеген сияқты. Енді, келе салып, алаңға шығу оңай болсын ба?

«Тараз» сапында 17 жастағы Еркебұлан Сейідахмет ерекше көзге түсті. Әуелі теңбіл допты өзінен екі жас қана үлкен Б.Зайнутдиновтың аяғына салып берді. Ол қонақтардың қорғаушылары өзіне қарай ұмтылғанша, қақпаны нысанаға алып үлгерді. Қақпашыны да сан соқтырды.

Көп ұзамай Еркебұланың өзі гол соқты. Ол әуелеп ұшқан допты өзін ізін баққан қорғаушының төбесінен асырып жіберді де, алға қарай атылды. Соңына түскен үш қорғаушыны шаңына да ілестірмей, қақпашы Давид Лориядан да айласын асырды. Алыстан теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.

Негізі, «Тараздың» тағы да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ осы екі доп та «Ертісті» сүріндіруге молынан жетті. Қонақтар алғы шепте де өрнекті ойын үлгісін көрсете алмады. Сөйтіп, Бірінші лигаға түсіп қалмауды ойлап жүрген командадан ұтылып, үшінші орындағы басты бәсекелесін ұзатып алды...

Бір көңіл аударарлығы, «Ертіс» соңғы екі турда бір-ақ ұпай еншіледі. Өткен жолы, өз алаңында «Оқжетпеске» “азуын” батыра алмай қойған. Әрі осы екі ойында бірде-бір гол соға алмады. Ойланатын-ақ жағдай. Бас бапкері мұның бәрін ескеріп, бір қорытынды шғарар...

Ал «Тараз» ХІ турдан бері бір жеңіліп, бір жеңіп келеді. Мысалы, өткен турда ұтылған, бұл жолы жеңіске жетіп отыр. Ең бастысы, 7-орынға көтеріліп, “қауіпті аймақтан” алыстай түсті. Осылай, “бір сүрініп, бір аттай берсе”, бел ортада жүретін түрі бар...


Еркебұлан Сейідахмет. Фото:fctaraz.kz

«Тараз» – «Ертіс» – 2:0 (2:0)

Голдар: Зайнутдинов, 13. Сейідахмет, 24.

Ескерту: Дарабаев, 45+1.

«Тараз»: Бабаханов, Әмірханов (к), Миюшкович, Шипицин, Шадманов, Диара, Горбанец, Фещук, Зайнутдинов (Райымбек, 62; Таубай, 71), Морис, Сейідахмет (Байжанов, 90+1).

Қосалқы құрам: Сатыбалдин, Эргашев, Мухаметшин, Молтусинов, Нұралы, Қожамберді

«Ертіс»: Лория (к), Дәуітов, Маслач, Кислицын, Живкович, Родриго, Алиев (Шабалин, 46), Дарабаев (Жұмасқалиев, 68), Фонсека, Фофана, Бугаев (Джа Джедже, 78).

Қосалқы құрам: Калмыков, Попов, Чернышов, Калинин, Есімов, Воротников

Төрешілер: Сахи, Жаппасбаев (екеуі де – Қызылорда), Павлов (Алматы)

18 маусым. Тараз, «Орталық» стадион. 3200 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика