Вернуться к списку статей

“Оқжетпес” “Ақжайықтан” айласын асырды

Футбол
1K
«Оқжетпес» – «Ақжайық» – 2:1. Фото: okzhetpes.kz
Жаздың аптап ыстығында да стадионсыз қалған «Оқжетпес» «Ақжайықты» Астанадағы «Тарлан Арена» стадионында қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде «Оқжетпестің» құрамы әжептәуір өзгерді. Басшысы да, бас бапкері де ауысты. Құрамындағы футболшыларын да өзгертіп жатыр. Ауыс-түйіс әлі аяқталмаған секілді. Ең бастысы, соңғы ойындарда нәтижелі ойын үлгісін көрсете бастағады.

Өткен турда түзде ойнап, жүлдеден үмітті «Ертіспен» тең түсті. Сәуегейлер мен болжамшыларды сан соқтырып, Павлодардан бір ұпай олжалап қайтты. Рас, төреші қателесіп, пенальти бермеді. Бағы жанды, жолы болды. Әйтпесе, жеңілістің кермек дәмін татар ма еді?!

Бүгін «Ақжайықтан» айласын асырды. Аптап ыстықта тазы болып шалды. Бірінші таймда, яғни ойыншылары тың кезде тыным таппай шабуылдады. Желдің бағытымен атойлап алға шапты. Әрі екі гол соқты. Екеуін де Көкше клубының жігіттері доп ойынға бұрыштан қосылғанда, баспен соқты.

Екеуін де орындаған – Тимур Досмағамбетов. Ол допты оң қанаттан әуелетіп қақпаның алдына қарай асырды да, әуелі Марочкин, одан кейін Козлов “нысананы” дәл көздеді. Қарбалас сәтте «Ақжайықтың» қорғаушылары да, қақпашысы да қапы қалды.

Осы ретте айта кетейік, екі Александр да осы маусымдағы екінші голдарын соқты. Бір қызығы, Марочкин тек Орал клубының қақпасына доп соғып жүр. Бірінші айналымда «Ақжайық» пен «Оқжетпес» Жайық жағасында тең түскен (1:1).

Негізі, ойынның бірінші жартысында Көкше клубының тағы да гол соғатын мүмкіндіктері болды. Әсіресе, Марвин Огунжими қорғаушылардың назарын өзіне аударып алып, допты Козловтың аяғына салып бергенде... Александр қақпаны көздеп тұрып тепкен... Бірақ доп қақпа маңдайшасына тиді.  

Екінші таймда «Оқжетпес» қорғанысқа көңіл бөліп, жеңісті есепті уысынан шығарып алмауға тырысты. Күннің ыстығында желге қарсы жүгіру оңай емес, әрине. Бәрін де әккі бапкері алдын-ала ойластырғандай. Матчтың екінші жартысында тек қарсы шабуылдар ұйымдастыруға тырысып отырды.

«Ақжайықтың» таразы басын теңестіруге мүмкіндігі болды-ақ. Бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Бірақ қайсыбір сәттерде «Оқжетпестің» қорғаушылары, енді бірде қақпашысы жанкештілік танытты. Әйтсе де, екінші таймның басында есепті қысқартты.

Доп «Оқжетпестің» орталық қорғаушысының қолына тиіп, төреші пенальти берді. Изу Азука 11-метрлік айып соққысын мүлтіксіз орындады. Тамаша мүмкіндік, ойынның аяқталуына әлі 32 минут бар. Оның үстіне, 83-минутта Олег Недашковский екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды.

Бірақ «Ақжайық» 10 минутан астам уақыт бойы (ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша төрт минутты қоссақ)артық құрамда ойнаса да, таразы басын теңестіре алмады. Сөйтіп, бесінші рет қатарынан ұтылды. ХІ турдан бері жеңілістен көз ашар емес...

«Оқжетпес» – «Ақжайық» – 2:1 (2:0)

Голдар: Марочкин, 29 (1:0). Козлов, 36 (2:0). Изу Азука, 57-пенальтиден (2:1)

83-минутта Недашковский («О») алаңнан қуылды (екінші ескерту)

Ескертулер: Федин, 10. Говедарица, 32. Перцух, 43. Куксин, 55. Недашковский, 76. Стаменкович, 90+1.

«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Марочкин, Абдулин, Фрейдгеймас, Досмағамбетов, Хорват (Куксин, 45+1), Недашковский, Козлов (Дайыров, 80), Гогуа, Федин, Огунжими (Шафф, 73).

Қосалқы құрам: Әбжанов, Нұрғалиев, Кейлер, Шайыхов, Бөлешев, Әбілғазы

«Ақжайық»: Котляр, Шмидт, Николич, Одибе, Сапанов (к), Говедарица, Шабаев (Ерсәлімов, 46), Перцух, Валиуллин, Коронель Ортиз (Дудченко, 46), Изу Азука (Рубио, 82).

Қосалқы құрам: Төлебаев, Аренас Дельгадо, Антипов, Тапалов, Заречный, Зұлпықаров

Төрешілер: Атажанов, Филипчук, Орынбаев (бәрі де – Шымкент)

18 маусым. Астана, «Тарлан-Арена» стадионы. 50 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика