ХХХІ Африка ұлттары кубогы 14 қаңтарда басталған. Ал Конго Демократиялық Республикасының құрамасы құрлық додасындағы алғашқы матчын кеше түнде өткізіп, Марокко футболшыларымен кездесті.
Негізі, Марокко құрамасы да азулы команда болатын. Конго ДР құрамасына қарағанда, әлем чемпионатының финалдық додасында көбірек өнер көрсеткен (төрт рет). 1986 жылы 1/8-финалына дейін жеткен...
Бірақ соңғы жылдары Конго ДР құрамасы да өрнекті ойын үлгісін көрсетіп жүр. Соңғы, яғни 2015 жылғы Африка ұлттары кубогында қола медаль жеңіп алған. Футболшылары Еуропаның ең үздік лигаларында ойнап жүр.
Мысалы, Габонда өтіп жатқан ХХХІ Африка ұлттары кубогындағы ұлттық құрамасының сапына Англия, Испания, Германия, Франция, Түркия, Бельгия, Грекия, Швейцария, Катар және Қазақстан клубтарында ойнайтын футболшылар жиналған.
Бұл ойында қауіпті сәттер аса көп болмаса да, Конго ДР құрамасы өздерінің бір мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Екінші таймның басында Катардан келген Мубеле сол қанатта алға ентелеп, қақпаның бергі бұрышын нысанаға алып, теңбіл допты шірене тепті...
Марокко қақпашысы Мунир Мохамеди доптты тойтарды-ақ. Бірақ ала доп айып алаңының ортасына қарай ұшып, ол жерде Кабананга оны қақпаға қайыра тепті. Тура сол бұрышқа. Қақпашы қапы қалды. Ал Кабананга серіктерінен сытылып шығып, алаң жиегіне барды да, шаттана биледі...
Кабананганың жадырай билейтіндей жөні бар. Өйткені ол Конго ДР құрамасының сапына шақыртылып, біраз уақыт отандастарымен бірге Африка кубогы додасына дайындалды. Біраз тер төкті.
Бірақ құрлық біріншілігі қарсаңында «Қазақстан чемпионы сапында ойнайтын шабуылшы соңғы тізімге ілікпей қалды» деген ақпарат тарады. Десек те, Конго ДР құрамасының бас бапкері Флоран Ибенже Кабананганы ақыр соңында құрама сапына қосыпты. Эрве Кажаның орнына ма алды ма, әйтеуір Габонға әкетті.
Кабананга болса, бас бапкерінің үмітін ақтады. Алғашқы ойында гол соғып, өз елінің ұлттық құрамасына жеңіс әперді. Бірақ «Астана» шабуылшысы матчың 72 минутында ауыстырылды. Оның орнына «Бирмингем» (Англия) клубының жатылай қорғаушысы Жак Магома шықты.
Оның да өзіндік себебі бар сияқты. Конго ДР құрамасының бас бапкері екінші таймның ортасынан бастап, қорғанысқа көп көңіл бөліп, жеңісті есепті уыстарынан шығарып алмауды ойлағандай.
Айтпақшы, осы ойынның соңында Конго ДР құрамасының бір қорғаушысы (Мутамбала) екінші таймда алаңға шығып, жеті минуттың ішінде екі рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Соңғы 10 минутта конголықтар кем құрамда ойнап, Марокко шабуылдарын тойтарумен болды.
Ал осы, «С» тобындағы бірінші ойында Кот-д'Ивуар құрамасы Того футболшыларының қақпасына гол соға алмай, пұшайман болды. Бұл кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Сөйтіп, бірінші турдан кейін Кабананганың отандастары үш ұпаймен өз топтарында көш бастады.
Енді 20 қаңтар күні Конго ДР құрамасы Кот-д'Ивуар жұлдыздарымен кездеседі. Кім біледі, бәлкім, Кабананга бағы жанып, МЮ және ПСЖ клубтарының қорғаушыларын да қапы қалдырып, тағы да гол соғып қалар...