Вернуться к списку статей

“Қайрат” футзал клубындағы өзгерістер

Футбол
2K
Футзалдан Алматының «Қайраты» маусым аяқталысымен белді ойыншыларымен еңбек келісімін ұзартып жатыр. Алайда команда сапынан кетіп жатқандар да бар.

Қазақстан чемпионаты мен УЕФА кубогының финалдық додасы аяқталғаннан кейін «Қайрат» футзал клубы сапында өзгерістер жүзеге аса бастады. Атап айтқанда, кейбір легионерлер өзге командалардың сапына ауысып, біраз ойыншылармен еңбек келісімдері ұзартыла бастады.

Команда сапынан кеткендер арасында қақпашы Диего Ронкальо бар. Маусым аяқталысымен, Бразилия қақпашысының келісімшарты мерзімі де түгесілген. Енді ол Португалияның «Бенфика» клубының намысын қорғайтын болып шешіпті. Игитаның көлеңкесінде отыра бергісі келмейтін сияқты.

Сондай-ақ шілде айында 25-ке ғана толатын Дуглас Нуньес пен жыл соңында 34-ке келетін Кабреува да «Қайраттан» кетті. Бразилияның бұл жігіттері негізінен алғы шепте ойнайтын футзалшылар болатын. Енді өз бақтарын басқа клубтардың сапында сынап көретін болады.

Ал Золтан Дрот (Венгрия) тағы екі жыл «Қайраттың» намысын қорғайтын болды. Ал Алешандре (Бразилия) «1+1» жүйесінде жаңа келісімшартқа отырды. Иран футзалшысы Хоссейн Тайеби де тура осы жүйе бойынша еңбек келісімін ұзартқан.

2009 жылдан бері сегіз маусым бойы «Қайратың» намысын жыртып жүрген Дінмұхамбет Сүлейменов пен Серік Жамақұлов еңбек келісімдерін бір жылға ұзартса, команданың вице-капитаны Шыңғыс Есенаманов «2+1» жүйесінде жаңа келісімшартқа отырған.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика