Вернуться к списку статей

“Қайрат” “Астананы” ойсырата жеңді

Футбол
1K
ХХ турдың мерзімінен ертерек өткен екі кездесуінің бірінде «Қайрат» Алматыда «Астананы» қабылдап, 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

«Астана» ойынды жоғары қарқында бастады. Өздеріне сенімді сияқты көрінді. Бірдан алаң иелерін тықсырып, шабуылға шықты. Бірақ гол соғуға болатындай мүмкіндіктерді (немесе жартылай мүмкіндіктерді) мүлт жіберіп алды. Допты өздерінде көп ұстап, ойын тізгінін уыстарынан шығармауға тырысты.

Алайда «Қайраттың» қарсы шабуылдары әдеттегідей, өте қауіпті болды. Осындай бір шабуылы сәтті аяқталды. Гоудың қорғаушылардан сытылып шығып, ыңғайына салып алмақ болған добын Аршавин екпінімен келіп теуіп, қақпаға дәл түсірді.

«Астана» қайтадан шабуылды үдете түсті. Бірақ асыққан жоқ. Орап соға берді. «Қайрат» қонақтарының шабуылын тойтарып отырды. Бір рет қақпаға кіріп бара жатқан допты Ғафуржан Сүйімбаев алып шықты...

Екінші таймда «Астана» бір ойыншысын алмастырып, тағы да шабуылға көшті. Бірақ голды бәрібір алаң иелері соқты. Бауыржан Исламхан айып соққысын рындап, допты алға асырған, Логвиненко оны басымен өз қақпасына дөп түсірді.

«Астана» сонда да айылын жимады. Тайлы-таяғымен алға қарай шапты. «Қайрат» тағы да қарсы шабуыл ұйымдастыып, өте жылдам қимылдады. Доп Иво Иличевичтің аяғында болатын. Ал астаналық қорғаушылар онымен қатарласа жүгірген Гоуды қаумалап, хорват футболшысының қақпаны нысанаға алуына мүмкіндік беріп қойды.

Иличевич мүлт кеткен жоқ. Қақпашы Мокин де оның соққысына тосқауыл бола алмады. Есеп – 3:0. Бұдан кейін «Астананың» таразы басын теңестіре алмасы да белгілі болды. Рас, олар бір гол соққан. Бірақ оны төреші есепке алмады.

Сөйтіп, «Қайрат» алға ұзап кеткен «Астананы» ұтып, ұпай айырмасын едәуір қысқартты. Соңғы екі жылда басқа клубтардан ұтылып немесе тең түсіп, ұпай жоғалтып жүрсе де, елорда клубымен өткен ойындарда нәтижелі ойын үлгісін көрсетіп жүр.    

«Қайрат» – «Астана» – 3:0 (1:0)

Голдар: Аршавин, 22. Логвиненко, 61-автогол. Иличевич, 77.

Ескертулер: Логвиненко, 29. Аршавин, 40. Маевский, 70. Қуат, 83. Бейсебеков, 90+3.

«Қайрат»: Покатилов, Вороговский, Ахметов, Элек, Сүйімбаев, Қуат, Бакаев, Аршавин (Иличевич, 71), Исаэль (Жуков, 90+1), Исламхан (к) (Арзо Ампоста, 88), Гоу.

Қосалқы құрам: Плотников, Анене Чума, Рудосельский, Қуантаев, Тұрысбек, Балтабаев.

«Астана»: Мокин, Шитов, Аничич, Логвиненко (Бейсебеков, 80), Постников, Шомко (к), Мұжықов, Граховац (Твумаси, 85), Маевский, Ллуллаку (Муртазаев, 46), Кабананга.

Қосалқы құрам: Эрич, Жалмұқан.

Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Ходин (Атырау), Тихонюк (Ақтөбе)

31 мамыр. Алматы, «Орталық» стадион. 19 000 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика