Вернуться к списку статей

Жайық дербиі – “Атырау” “Ақжайықтан” басым түсті

Футбол
1K
Нигерия және Грузия футболшылары Жайық дербиінде... Фото: rfcatyrau.kz
Жайық жағасындағы екі команда ХІV турда кездесіп, «Атырау» «Ақжайықтан» айласын асырды.

Бұл ойындағы екі гол да – Грузия шабуылшысы Владимир Двалишвилидің еншісінде. Ол екеуін де басымен соқты. Ал «Атырау» осы жеңісінің арқасында «Ақжайықты» төмен сырғытып, Орал клубының орнына, 7-орынға орналасты.

Бірінші айналымдағы Жайық дербиі Оралда 2:2 есебімен аяқталған. Атыраудың «Мұнайшы» стадионындағы матч та шиеленісті өтті. Тіпті матч біткен соң қорғаушы Макл Одибе мен Владимир Двалишвили төбелесіп қала жаздады...

«Атыраудың» бас бапкері Сергей Павлов «бір айдың ішінде тоғыз ойын өткіздік» деп отыр. Әрине, бұл – аз емес. Әйтсе де, осы бапкер келгелі атыраулықтардың жеңістері көбейіп, көш соңында қалған команда жоғары өрлей бастады.

Ең бастысы, легионерлерінің де, жергілікті ойыншыларының да өздеріне деген сенімділіктері артып, өз қабілеттерін паш ете бастады. Бүгінгі ойынның бірінші жартысында ширақ қимылдады. Бір сағаттың ішінде екі гол соғып алды да, әрі қарай жеңісті уыстарынан шығарып алмауға тырысты.

«Ақжайықтың» орталық қорғаушыларының екеуі қатардан шығып қалған. Содан ба, белгісіз... Әйтеуір төртінші рет қатарынан ұтылып отыр. Әрі осы төрт ойында бірде-бір гол соға алмады. Шабуылшылары сенім үдесінен шыға алар емес Вахид Масудовқа ойлану керек...

«Атырау» – «Ақжайық» – 2:0 (1:0)

Голдар: Двалишвили, 30. Двалишвили, 59.

Ескертулер: Максимович, 16. Омаров, 53. Аренас, 60. Заречный, 69. Әбдірахманов, 73. Говедарица, 75. Одибе (матч біткен соң), Двалишвили (матч біткен соң).

«Атырау»: Пасеченко, Мәжитов, Лобжанидзе, Обшивач, Әбдірахманов, Қалмұратов, Сапаров (Қайыраллиев, 85), Максимович, Сүлей, (Джокич, 57), Хайруллин (к) (Саломов, 77), Двалишвили.

Қосалқы құрам: Қалменов, Родич, Нұрыбеков, Коробов, Маров, Чичулин.

«Ақжайық»: Төлебаев, Омаров, Одибе, Шмидт, Ерсәлімов (Антипов, 70), Говедарица (к), Коронель Ортиз (Заречный, 35), Шабаев, Сергиенко, Изу Азука, Аренас (Рубио, 79).

Қосалқы құрам: Котляр, Перцух, Чулагов, Валиуллин, Тапалов, Макаев.

Төрешілер: Абданбаев (Тараз), Құсайынов (Астана), Субботин (Талдықорған)

28 мамыр. Атырау, «Мұнайшы» стадионы. 6000 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика