Вернуться к списку статей

“Тобыл” “Оқжетпесті” тас-талқан қылды

Футбол
1K
«Тобыл» – «Оқжетпес» – 5:1. Фото: fctobol.kz
Қазақстан премьер-лигасының ХІІІ туры «Тобыл» – «Оқжетпес» кездесуімен басталып, алаң иелері қонақтарын ойсырата жеңді.

Бас бапкерсіз қалған Көкше клубы Қостанайдың «Тобылына» төтеп бере алмады. Рас, 35 минут бойы алаң иелерін өз қақпаларына маңайлатқан жоқ. Сауатты қорғана білді. Бірінші гол алыстан соғылды. Осы гол «Оқжетпес» ойыншыларының еңселерін түсіріп жібергендей.

Көп ұзамай, Алексей Щеткин алдынан жүгіріп шыққан қақпашыны алдап өтіп, есепті еселеді. Осылай, «Тобыл» бірінші таймдағы екі мүмкіндігін де мүлт жібермей, алға шықты.

Екінші таймның басында «Оқжетпестің» пәрменсіз шабуылдарынан нәтиже шықпады. Ал «Тобыл» 60-минутта тағы бір гол соқты. Бұл жолы Джордже Деспотович қонақтарын қапы қалдырды.

Осыдан кейін екі команданың да жылдамдықтары бәсеңсіп қалғандай еді. Бірақ 72-минутта Сергей Малый қарсыласын абайсызда аяғымен теуіп жіберіп, алаңнан қуылды. Осыны пайдаланып, «Оқжетпес» шабуылды күшейтті. Тырысып жүріп, бір гол соққан...

Кім білсін, осы голды соқпай-ақ қойғандары “дұрыс” па еді... Өйткені «Тобыл» қамшыны басып, іле-шала төртінші голын соқты. Ал төреші ойынды аяқтауға оқталғанда, соңғы шабуылдарын ұйымдастырып, пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды.

Щеткинді айып алаңы ішінде тартып құлатқан Антон Куксин алаңнан қуылды. Онсыз да қорғаушылары аз команданың бұл ойыншысы енді алдағы ойындарда алаңға шықпайды. Ал «Тобылдың» шабуылшысы 11-метрлік айып добын мүлтіксіз орындады.

Осылай, тағдыры 60-минутқа дейін шешілген матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар шектен тыс тартысты өтіп, бес минуттың ішінде үш гол соғылды.  

«Тобыл» – «Оқжетпес» – 5:1 (2:0)

Голдар: Сартаков, 35 (1:0). Щеткин, 41 (2:0). Деспотович, 60 (3:0). Хорват, 90+1 (3:1). Джалилов, 90+2 (4:1). Щеткин, 90+6-пенальтиден (5:1).

Ескертулер: Недашковский, 24. Куксин, 34. Струков, 47. Мухутдинов, 58. Досмағамбетов, 86.

Алаңнан қуылғандар: Малый, 72. Куксин, 90+5.

«Тобыл»: Непогодов, Сартаков, Дмитренко, Малый, Жақыпов, Жарынбетов (Жулпа, 55), Мухутдинов, Джалилов, Молдақараев (Савич, 67), Деспотович (Кассай, 74), Щеткин.

Қосалқы құрам: Павлов, Жаңғылышбай, Эльмурзаев, Шұбаев, Главина.

«Оқжетпес»: Стаменкович, Политыло, Недашковский, Струков (Козлов, 84), Куксин, Нейн, Хорват, Федин (Досмағамбетов, 67), Юрин, Шафф (Волков, 76), Генков.

Қосалқы құрам: Әбжанов, Әбілғазы, Кейлер, Дайыров, Аяғанов, Сламбеков.

Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Жаппасбаев (Қызылорда), Бейжанов (Петропавл)

20 мамыр, Затобол қонысы, "Затоболец" стадионы. 2000 көрермен.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика