Вернуться к списку статей

«Оқжетпес» өзгерісті басшыларынан бастады

Футбол
1K
Биыл кежегесі кері тартып, ойыны мандымай қойған Көкшетаудың «Оқжетпесі» басшыларын ауыстыруға кірісті.

Кеше «Оқжетпес» футбол клубы директорын ауыстырғандығын ресми түрде жариялады. Николай Паниннің орнына клуб директоры болып Юрий Бондаренко тағайындалыпты. Жаңа басшы Көкше клубына жат емес. 2013-2015 жылдары осы клубты басқарып, бірінші лигадан премьер-лигаға шыққан. Ал 2015-2016 жылдары «Ордабасы» клубының президенті болды.

Ал бүгін «Оқжетпес» клубының спорттық директоры, ресейлік маман Рустам Раджабов өз қызметінен кеткендігін Instagram-дағы жеке парақшасында толығырақ баяндапты: «15 мамырдан бері клуб директры Николай Панинмен бірге ресми түрде өз қызметімнен кеттім. Басқаша болуы мүмкін емес еді, өйткені бұл адам мен үшін көп жақсылық жасады, менің жақын ждосым және ұстазым, сол үшін оған алғыс айтамын», – деп жазған.

Иә, биыл «Оқжетпес» былтырғыдай өрнекті ойын үлгісін көрсете алар емес. Былтыр маусымның аяғына қарай тәжірибелі төрт ойыншысын құрамынан қуды. Биылғы маусым қарсаңында құрамын лайықты деңгейде күшейте алмағандай. Оны Көкше клубының қазіргі жағдайы да меңзеп тұрғандай да сияқты.

Биыл алған шетелдік футболшылары сенім үдесінен шығып жүр деп айта алмаймыз. Әрі легионерлерді де негізінен Ресей нарығынан іздеумен болғандай. Дмитрий Сычевтан бастып көрші елден бірнеше футболшы келді. Бірақ тұрақтап қалғандары – некен-саяқ.

Енді көрейік. Басшылары ауысып жатыр. Жағдай түзеліп те кетер. Әлі уақыт бар. Бас бапкері – Қазақстан футболын жақсы білетін, білікті маман. Жазғы трансфер кезінде құрамдарын жанкешті футболшылармен толықтырып, нәтижелі ойын өрнегін көрсетеді деп ойлаймыз. 

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика