Вернуться к списку статей

"Шахтер" Финонченконы құрметпен шығарып салып, "Ақжайықты" жеңді

Футбол
1K
Дәл осылай футболшысын «Реал» да құрметтеп шығарып сала алмаған. Корольдік команда кезінде жанкүйерлердің пір тұтары Раульді сидырмады, Гутиді шеттетіп тастады, Касильясты жылатып жіберді.

Бұлардың қай-қайсысы болмасын, өзінің сүйікті клубымен лайықты қоштасуды аңсаған еді. Міне, кіп-кішкентай «Шахтердің» әлемдік алпауыт клубтан артықшылығы осыда болар. Осындай құрметке ие болған Андрей Финонченконың да арманы жоқ шығар.

Қазақстан футболшыларында кездесе бермейтін қасиет Финонченкода бар. Өзгелер бір жылда бір емес, екі-үш клуб ауыстырып жатқанда Андрей ес білгелі «Шахтерде» доп теуіп жүр. Бала кезінде сол қапталдағы қорғаушы болған екен. Кейін шабуыл шебіндегі шеберлігін байқаған жаттықтырушылары ақырындап алға шығара бастаған. 

Алғаш рет қарағандылық команданың жейдесін 2001 жылы киіп, 2017 жылға дейін «Шахтердің» күлгін-сары жейдесін үстінен шешпеген. Осы аралықта екі рет ел чемпионы атанып, бір-бірден ел кубогы мен Қазақстан Суперкубогын иеленді. 2013 жылы еліміздің үздік футболшысы атанды. «Шахтермен» бірге Еуропа лигасының топтық кезеңіне де шығып, «Кәртамыс құрлық» төрінде гол соқты. Ұлттық құрама сапында 20 ойын өткізіп, бес голдың авторы атанған. Сөйтіп, биыл жылдың басында бутсасын шегеге ілетінін мәлімдеп, «Шахтердің» жаттықтырушылар алқасына енді.

Сонымен, Финонченконың жасыл алаңдағы карьерасымен ресми қоштасуы бүгін болды. Осыған орай, Қарағандыға Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілдә Байшақов та арнайы барыпты. Ізгі тілегін білдіріп, «Капитанға» ҚФФ атынан алғыс хат табыстады. Ал Финонченконың өзі командасын алаңға бастап шығып, допты ойынға қосты да, капитандық таспасын Никола Василевичтің қолына тақты. 

Сонда байқадық, қозықарыны көрініп те қалыпты. Өзіне жарасып та тұр. Сұрмергенді жанкүйерлер де, қарсылас команданың ойыншылары да қошеметпен шығарып салды. Көрерменге алғысын білдірген Финонченко өзімен бірге 14-ші нөмірді де алып кете барды. Дәл солай, «Шахтерде» енді ешкім 14-ші нөмірде ойнамайды. Бұл нөмір мәңгілікке Андрейге мұра болып қалды. Иә, бұл Рауль армандаған, Касильяс аңсаған қоштасу еді. «Шахтер» өз футболшыларын қадірлей білетінін осылай көрсетті.

Ал ойын негізінен «кеншілердің» шабуылдарымен өрбісе де, ойын соңына дейін алаң иелері «Ақжайық» қақпасының құлпын бұза алмай, тек 82-ші минутта ғана жеңісті жұлып алды. 35 метрдей қашықтықтан допты жерге түсірместен қақырата тепкен ойынға осының алдында ғана қосылған Айдос Тәттібаев болатын. Осылайша, «Шахтер» биылғы маусымда өз алаңындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.   


«Шахтер» (Қарағанды) – «Ақжайық» (Орал) 1:0 (0:0)

Гол: Тәттібаев, 82.

Ескертулер: Айегбуси 16, Аллегриа 34, Пикалкин 45+1 – Толебаев 73

Шахтер: Багинский, Кадио, Айегбуси, Зошак, Станоевич, Василевич (к), Аллегриа (Тәжімбетов 46), Пикалкин, Мангуткин, Шахметов (Тәттібаев 69), Әлімбаев (Стоянович 59)

Резерв: Шацкий, Омиртаев, Васильев, Габышев, Скорых, Хайруллин

Ақжайық: Толебаев, Говедарица (к), Ортиз (Чулагов 85), Одибе, Изу, Перцух (Ерсәлімов 71), Валиуллин (Заречный 78), Шабаев, Шмидт, Омаров, Сергиенко

Резерв: Котляр, Аренас Дельгадо, Рубио, Антипов, Тапалов, Зулфикаров

Төрешілер: Атажанов, Орунбаев (екеуі де – Шымкент), Қошқаров (Алматы)

Қарағанды қаласы. «Шахтер» стадион, 1 500 көрермен.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика