Вернуться к списку статей

“Қайрат” бас бапкер іздеуге қайта кіріскен бе?

Футбол
1K
Кахабер Цхададзе... Фото: fckairat.com
Ресей басылымдарына сенсек, «Қайрат» футбол клубы Кахабер Цхададзенің орнына бас бапкер тауып қойғандай...

Ресейдің «Спорт-Экспресс» басылымы «Қайрат» футбол клубының бас бапкерлік қызметке Дмитрий Аленичевтің кандидатурасын қарастырып отырғандығын баяндады. 

«Егер Алматы клубы Кахабер Цхададзені қызметінен босату туралы шешім қабылдаса, Аленичев команда тізгінін ұстайтын басты үміткер болады» деп жазды.

Биыл Цхададзенің орнынан кетуі туралы сыбыс сәуір айының басында шыққан. «Қайрат» екінші турдан бастап төрт рет тең түсіп, сегіз ұпай жоғалтқан болатын.

Бірақ содан кейін алматылықтар араға бір тур салып, жеңіске жете бастады. Әрі «Қайрат» футбол клубының Байқаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев грузин маманына қолдау көрсетіп, өршіп бара жатқан сыбысты сейілтіп, сап тиған.

Енді бұл сыбыс Ресейден “бұрқ етіп”, қайта шығып отыр. «Қайрат» бірінші айналымның соңындағы екі турда бір-ақ ұпай еншілеген болатын. Астанада тең түсіп, Атырауда ұтылып қалды. Қазір 12 ойыннан еншілеген 19 ұпайымен төртінші орында тұр.

Қазақ «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дейді. Қалай десек те, «Қайрат» футбол клубы басшыларының Кахабер Цхададзеге деген сенімдеріне селкеу түсе бастаған сияқты. Бірінші айналымда үздік үштіктен тыс қалған команда жақын арада бас бапкерін ауыстырып жатса, оған таң қалмаймыз. 

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика