Вернуться к списку статей

"Тараз" кем құрамда ойнаған "Оқжетпестен" ұтылды

Футбол
1K
«Тараз» өз алаңында бір сағаттан астам он ойыншымен ойнаған «Оқжетпестен» ұтылып қалды.

Жалпы, Ваит Талғаевтың командасы биыл жанкүйерлерін қуанта алмай жүр. Соңғы рет, соңғы рет дейміз-ау, биылдыққа жалғыз жеңісіне 5-ші турда қол жеткізіпті. «Ордабасыны» ғана ұтқан. Қалған кездесулердің барлығында тең түсіп немесе жеңіліп қалып жүр.

Тек 18 жастағы дарын Еркебұлан Сейдахметтің ғана ойыны ғана көңілге медеу. Мектеп оқушысы жасыл алаңда жанын салып, тырысып-ақ жүр. Осы ойында екі гол соғатын мүмкіндігі болды. Біріншісінде қақпашымен жеке-дара шығып, қиыс тепсе, екіншісінде баспен ұрған соққысы қақпа бағанасынан сәл ғана шеткерірек кетті. Иә, аздап тәжірибе жетіспей жүр, әйтпесе шеберліктен кенде емес бұл жігіт.

Бүгін де ұтылды. Онда да ойынның 26-шы минутында кем құрамда қалған «Оқжетпестен» опық жеді. Негізі, Берік Шаихов екінші ескертуін алып, алаңнан қуылғанда «Тараз» енді терлемей-ақ жеңіске жететін шығар деп ойлағанбыз. Алайда, керісінше қонақтар гол соқты. Үзіліске бір минут қалғанда Сергей Политылоның пасынан кейін өз командасын Тимур Досмағамбетов алға шығарды. Кейін белгілі болғандай, бұл осы матчтағы жалғыз гол болып шықты.

Рас, үзілістен кейін алаң иелері есепті теңестіруге бар күштерін салғандарымен шабуылдары мардымай, Саша Стаменкович қақпасынан саңылау таппай, пұшайман болды. Осылайша, кезекті рет жеңілген «Тараз» турнир кестесінде 10-шы орынға сырғыды.

«Тараз» – «Оқжетпес» (Көкшетау) 0:1

Гол: Досмағамбетов, 45.

Ескертулер: Эргашев 62, Кургулин 66 – Шаихов 8, Чертов 86

Ойынның 26-минутында Берік Шаихов алаңнан қуылды.

Тараз: Бабаханов, Фещук (Морис 66), Мухаметшин, Шипицин, Горбанец, Миюшкович, Шадманов (Эргашев 46), Зайнутдинов (Сейдахмет 54), Кургулин (к), Молтусинов, Таубай

Резерв: Сатубалдин, Әмірханов, Байжанов, Азовский, Қожамберді, Райымбек

Оқжетпес: Стаменкович (к), Чертов, Политыло (Недашковский 90+3), Хорват, Струков, Куксин, Юрин, Досмағамбетов (Генков 79), Марочкин, Шаихов, Шафф (Дайыров 77)

Резерв: Әбжанов, Козлов, Нұрғалиев, Кейлер, Әбілғазы

Төрешілер: Московченко (Павлодар), Лабашов (Атырау), Тасыбаев (Павлодар)

Тараз қаласы, Орталық стадион, 3 000 көрермен 


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика