Левников алғаш рет елімізге 2008 жылы келіп, аталмыш департаментті екі жылға жуық басқарған. Қазақстандағы футбол төрелігіне біраз тәртіп орнатқандай болып еді. Кейін қайта еліне кетті. Шыны керек, оның қазақ жеріне қайта оралуынан үлкен үміт күтіп отырғандар көп.
– Ол кезбен салыстырғанда қазір Қазақстан футболында тәртіп бар. Төрешілік жағдайы біраз реттелген, - деп Николай Владиславович 2008 жылдарды еске алды. – Есімде алғаш келгенде Қазақстанда ассистенттердің өзі бас төреші болып төрелік ете береді екен. Әйтеуір, ФИФА санатындағы рефери болса болғаны. Төрешіліктің деңгейі шынымен де тым төмен еді. Біраз төрешіні жазалауымызға тура келген. Кейін жұмысты оң бағытқа қойып, олқылықтардың бәрін жоюға тырыстық. Қазір жағдай басқаша. Дегенмен, әлі де атқарылар шаруа көп. Бірінші ретте ашықтық, әділдік және төрешілерге деген оң көзқарастың, сенімнің болуына қол жеткізгіміз келеді. Әрдайым ашықпыз. Жақсы жаңалықтарымызды журналистермен бөлісіп, жаман нәрселерді жасырып қалуға тырыспаймыз.
Қазіргі төрешілердің көбісімен таныс емес екен. Сөзінен байқадық, Павел Салий, Руслан Дузмамбетов секілді әккі төрешілерді сағынатын секілді. Біріншісі бірнеше жыл бұрын-ақ төрелікті қойған. Қазір инспектор болып жүр. Екіншісі былтыр ғана ысқырығын тастады. Дегенмен, жастарға да үміт артатынын байқадық. Мәселен, жақында Испанияның Малага қаласында және Түркияның Анталиясында қазақстандық төрешілер үшін оқу-жаттығу жиыны өтеді екен. Оған 25 рефери қатыспақ.
– Қазір Қазақстанда ФИФА санатындағы төрт бас төреші бар, - дейді еліміздің ең мықты төрешілері туралы жаңа директор. – Оның біреуі – Артем Кучин. Жақсы білемін. Оның әлемдік ТОП төрешілер деңгейіне жетуіне барлық мүмкіндігі болды. Бірақ, неге екені белгісі, әлі күнге дейін өз әлеуетін толық паш ете алмай келеді. Бүгінде Артем Әлемнің екінші деңгейіндегі арбитрларының қатарынан. Халықаралық дәрежедегі ұлттық құрама ойындарында, УЕФА матчтарында қызмет атқарып жүр. Алайда, осы күнге дейін алпауыт командалардың ойындарына бекітілген емес. Қалған үшеуі Данияр Сахи, Фурхат Атажанов және Александр Алиев. Данияр мен Фурхаттың ойындарын көрдім. Екеуі де әлеуеттері бар жақсы төрешілер екен. Алиевтің ойынын әлі көре алған жоқпын. Малагада тағы да байқап көреміз. ФИФА тестілерін тапсырады, басқа да сынақтар бар, ағылшыншасы да тексеріледі. Егер осының бәрінен мүдірмей өтсе, онда ары қарай жұмыс істеуге болады деген сөз.
Бәрі бірдей керемет бола бермейді ғой, Николай Левниковтың көңілінен шықпаған арбитрлар да бар екен. Әзірге есімдерін атауды жөн көрген жоқ. Дегенмен, көптеген ойындарды қарап шығып, кейбір төрешілер жайлы өзіндік бір қорытындыға келген екен. Кейбіріне қатаң жаза қолдануы мүмкін екендігін де жасырмады.
– Бір байқағаным, Қазақстан футболында төрешілер болмашы жерлерде ысқыра береді екен. Бұл матчта үзілістің тым көп болуына әкеліп соғады. Ойынның қарқынына әсер етеді. Осындай үзілістерге үйреніп қалған олар халықаралық ойындарда да төрешілерден сондай ысқырықтарды күтеді. Болмашы фол, болмашы пенальти деген сынды шешімдерді көп көрдім. Футболшыларға ойын ережесі аясында соңына дейіне допқа таласуға мүмкіндік беруіміз керек. Осы тұрғыда жұмыс жүргізетін боламыз. Сондай-ақ, Қазақстан төрешілерінің арасынан артық салмағы бар арбитрларды да байқадым. Олардың арасында қапталдағы төрешілер де, бас қазылар да бар. Бүгінде футбол арбитрінің имиджі үлкен рөл атқарады. Артық салмағы бар төрешілер ойынға жіберілмейтіндей етеміз. Келесі айда Түркияда өтетін төрешілердің оқу-жаттығу жиынында олардың бәрін таразыға тұрғызып, салмақтарын өлшейміз. Толықтары чемпионатқа жіберілмейді, - дейді Левников.
Өткен жылы біраз шу тудырған матчтар жайлы да сұрадық. Николай Владиславовичтің орынбасарлары Александр Мазманьян мен Юрий Петрович екен. Солар былтырғы ойындардың бейнетаспаларын жинап жатқан көрінеді. Олардың арасында Премьер-лиганың 7-туры аясында өткен «Қайрат» – «Ақтөбе» матчы да болады. Содан кейін Левниковтың да былтырғы «Сорокин дауына» байланысты пікірін білуге болатын шығар.
Жалпы, баспасөз мәслихатында сауал аса көп қойылған жоқ. Бірақ Николай Левниковтың өзі "сіздердің сұрақтарыңыз бірінші турдан кейін пайда бола бастайды ғой" деп маусымның зеріктірмейтіндігін меңзеді.