Бұл ойында да Александр Кузнецов алдағы екі матчтағы тактикасын қолданды. Шабуыл өтінде – жалғыз Еркебұлан Сейідахмет. Бірақ оның жанында кемі екі қорғаушы жүреді. Кейде тіпті үшеулеп-төртеулеп қарауылдайды.
Бұл дегеніңіз – қорғаныста біздің футболшыларымыздың саны басым. Сауатты ойнап, өрескел қателік жібермесе болды, Литва шабуылшыларының бәрін тұсаулап ұстауға болады. Әрі ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ.
Десек те, бірінші таймда олар көбірек шабуылдап отырды. Ал біздің құрама бұл ойында да қарсы шабуылдарымен қарсыласының қорғанысын піспектеумен болды. Жалпы, ойын терезесі тең дәрежеде өтті деуге болады.
Ал екінші таймда біздің өрендеріміз түлеп сала берді. 50-минутта Мұхит Жақсылық оң қанатпен алға ентелеп, Литва қорғанысын бұзып өтті де, допты көлбеулетіп қақпаның алдына қарай тепті. Жанәлі Пайруз абдырып қалған қақпашыдан бұрын қимылдап, допты қақпаға тоғытты.
Бұдан кейін Литва тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Бірақ қорғаушыларымыз мұқият ойнап, олардың шабуылдарына тосқауыл бола білді. Екі-үш рет олардың қауіпті соққыларын қақпашы Даниил Устименко тойтарды.
Уақыт өткен сайын Литва ойыншыларының қарқындары бәсеңсіп, аптықтары басыла бастады. Ал біздің футболшылардың қарсы шабуылдары өте қаіпті бола бастады. Әрі қарсы шабуылдарымыз жиілей бастады. Қарсыластарымыздың қорғаушылары әзер үлгеріп жүрді.
Десек те, 71 минутта олар да, қақпашылары да қапы қалды. Еркебұлан Сейідахмет айып алаңының бұрышынан теңбіл допты бір толғап алып, яғни ыңғайына салып, шірене тепті. Доп доғаша иіліп, қақпа торына оратылды. Гол! Тамаша гол!
Осы голдан кейін Литва бозбалаларының ұнжырғалары түсіп, біздің жігіттер көсіле шапты. Баз-базында өрендеріміздің ойындарына тәнті болып, рухани ләззат алдық. Олар бұл ойынның кейбір сәттерінде «футбол сәні – пас» екендігін паш ете білді!
Ал Литва құрамасының бапкерлері не істерлерін білмей, ойыншыларының бәрін ауыстырды, десек те болады. Бұл ойында қарсыласымыздың бас бапкері Витаутас Вашкунас сегіз футболшысын алмастырып, қандай да бір өзгеріс енгізуге тырысты. Бірақ одан ештеңе шықпады.
Негізі, ойын ірі есеппен аяқталуы керек еді. Бідің бозбалаларымыздың тағы да екі-үш гол соғатын мүмкіндіктері болды. Бірақ Литва жеткіншектерінің бақтары бар екен, доп қақпаға енбей қойды. Тіпті пенальтиден...
Иә, ойынның соңғы минутында Мұхит Жақсылық тағы да Литва қорғанысын тесіп өтіп, қақпаға тіке тартқан. Қорғаушылар оны шалып жықты. Пенальти! Өкінішке қарай, Дінмұхамед Қашкен қақпашыдан айласын асыра алмай, тура ортаға тепті...
Қазақстан U-19 – Литва U-19 – 2:0
Голдар: Пайруз, 50. Сейідахмет, 71.
Қазақстан U-19: Устименко, Аманжол, Қашкен, Кузнецов, Күсяпов, Жақсылық, Кан, Орал, Пайруз (Құдайбердінов, 53; Скворцов, 72), Сүйінов (Тұзақбаев, 64; Батырханов), Сейідахмет.
Литва U-19: Петкявичус, Пиюс, Воронко (Микалаускас, 76), Кажуколовас, Пауликас, Раулинаитис (Скаржаускас, 76), Виткус (Якавичус, 76), Лучаускас (Янушаускас, 30), Путрюс (Бородинас, 56), Раманаускас (Василяускас, 56), Уткус (Мисунас, 70), Сунелаитис (Акуштолис, 40).
Төрешілер: Рыбаков, Дорогостайский, Коротков (бәрі де – Ресей)
13 қаңтар 2017 жыл, Санкт-Петербург, 300 жанкүйер.